Елордадағы «Астана Балет» театрының сахнасында экс-президент Назарбаевтың екінші әйелі Әсел Исабаева қатысқан ерекше фотосессия өтті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әлемжеліде фотограф жариялаған суреттер көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Ал Исабаеваның жеке аккаунты көпшілік үшін жабық тұр.
Әсел Исабаева «Мисс Қазақстан – 1999» байқауының жеңімпазы, қазір театрда арт-менеджер болып қызмет етеді әрі шығармашылық ұжымның негізін қалаушының бірі.
Айта кетейік…
Қазақстанда көп әйел алуды бейресми қолдағандардың бірі Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі еді. Ол екінші әйелі Әсел Құрманбаевадан екі ұлы бар екенін «Менің өмірім» атты естелік кітабында егжей-тегжейлі жазған болатын.

«Бірде Талдықорғанға жолым түсті. Өңірлерге жұмыс сапары кезінде мемлекет басшысын ұшақ баспалдағынан гүлмен күтіп алады. Мұндай салтанатты шара үшін жергілікті қыздардың ішінен ең әдемілерін таңдайды. Әдемі шара, бұған біз де үйреніп қалғанбыз. Көз қуанып, жаның жылынады.
Бірақ осы жолғы жағдай қатты әсер қалдырды. Маған гүл ұсынған қыз ерекше сұлу еді. Жанары жанып тұрған құлынмүсін аққұба сұлуды біраз уақытқа дейін ойлап жүрдім…
Біз мұсылман дәстүрі бойынша некемізді қидық. Әсел маған екі ұл туып берді. 2005 жылы Тауман өмірге келді, 2008 жылы Бәйкен туды», – деп тебіренген-тұғын экс-елбасы.
Бұған дейін
Депутат Абзал Құспан Қазақстанда тоқал алуды заңдастыруды ұсынған.

«Заң жүзінде тыйым салынғанымен, іс жүзінде елде екінші, тіпті үшінші-төртінші әйел алған азаматтар жетерлік. Бұлар тек мемлекеттік қызметкерлер емес, қарапайым қалталы жігіттер де солай өмір сүріп жатыр. Демек, заңның қауқары жоқ, ешкім тыйымға мән бермейді», – деген-тін мәжілісмен.
Абзал Құспанның пікірінше, ер адамдардың біразы, әсіресе дін жолын ұстанатындар, көп әйел алуды қолдайды. Дегенмен қазіргі жағдайда бұл көбіне дәстүрге емес, жас қыздарға «аңшылыққа» ұқсап кеткенін де жасырмаған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







