Назарбаевтың Кремль дастарханынан дәм татуы кездейсоқ емес, оның артында үлкен саяси астар жатыр. Белгілі саясаттанушы Аркадий Дубнов дәл осындай пікірде деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Путин мен Назарбаевтың кешегі отырысын 8 секундтық кадрға сыйдырған Кремльдің видеосынан гөрі, осы кездесудің шын мәні әлдеқайда тереңде болуы мүмкін.
Дубновтың айтуынша, бұрынғы кеңес республикаларының бұрынғы президенттері тағдыры сан алуан. Бірі түрмеде отыр, бірі сыртта бас сауғалап жүр, енді бірі өмірден өткен. Дәл қазір Кремль назарын Назарбаевқа ғана бұрып отыр.
Мұның екі себебі бар
«Біріншіден, Назарбаев Кремль үшін тәуелсіздікке өту кезеңіндегі тарихи тұлға ғана емес, әлі де ықпалын сақтап отырған «ескі Қазақстанның» символы. Оның физикалық және интеллектуалдық қуаты да әзірге сыр бермеген сияқты. Сондықтан да Путин бұрынғы әріптесімен кездесуді үзген жоқ, тіпті 2022 жылғы «қаңтар қырғынынан» кейін де онымен байланысын сақтап отыр», – дейді Дубнов.
Автордың пікірінше, Назарбаевтың Кремльде арнайы дастархан басында қарсы алынуы ерекше дипломатиялық ишарат.
Орыс пропагандасы мұндай құрметке бұған дейін Қытай басшысы Си Цзиньпин мен Беларусь президенті Александр Лукашенконың ғана бөленгенін атап өткен. Дегенмен саясаттанушы Назарбаевтың қазіргі мәртебесі мүлдем бөлек екенін еске салады.
«Назарбаев 85-ке келген, биліктен әлдеқашан кеткен тұлға. Ел ішіндегі абырой-беделіне де былтырғы «қаңтар қырғыны» ауыр соққы болды. Қазақстанда болған оқиғалардың астарында дәл осы «ескі Қазақстан» өкілдерінің ықпалы болды деген үнсіз келісім бар. Алайда дәл осы Назарбаев әлі күнге дейін Кремльге өте қажет тұлға болып отыр», – дейді сарапшы.
Дубновтың айтуынша, қазіргі прездиент Тоқаев Назарбаевтың қолынан билікті тікелей қабылдап алған соң, олар арасында белгілі бір «жабық келісім» бар деген пікір көп айтылады. «Осы келісім Назарбаевқа саяси иммунитет беріп отыр», – дейді саясаттанушы.
Путин мен Назарбаевтың арасындағы «химия»
«Дәл қазіргі кезде Кремльдің Тоқаевқа қарағанда Назарбаевқа ықыласы ерекше екенін байқау қиын емес. Путин мен Назарбаев арасындағы жеке қарым-қатынастың «химиясы» әлдеқайда күшті сияқты көрінеді. Дегенмен Кремль Қазақстандағы биліктің қос орталығын мойындайтын ашық белгі беруден қашады», – деген ойда Дубнов.
Автордың пікірінше, Қазақстанның қазіргі халықаралық аренадағы негізгі тұлғасы сөзсіз Тоқаев. Ол бүгінде Орта Азияның аймақтық көшбасшысы ретінде танылып, жаһандық саясатта беделін арттырып келеді.
Бұған мысал ретінде саясаттанушы Тоқаев пен Мирзиеевтің 2026 жылы АҚШ-та өтетін «Үлкен жиырмалық» саммитіне арнайы шақырту алғанын айтады.
«Мұндай құрмет Уашиңтонның Орта Азиядағы жаңа орталыққа қызығушылығының белгісі. Путиннің санкциядан кейін халықаралық беделіне нұқсан келгені сонша, алдағы саммитке қатысуы екіталай», – деп түйіндейді саясаттанушы.
Дубнов Қазақстан медиасының Путин мен Назарбаевтың Кремльдегі кездесуіне қатысты хабар таратуға аса құлықты емес екендігін де ерекше атап өтіпті.
Бұған дейін депутат Бапи экс-президентті елден шығармайтын заң қабылдауды ұсынған еді. «Назарбаевтың жүріс-тұрысын бақылау керек», — дейді мәжілісмен.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

