Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев экс-президент Назарбаевтың жуырдағы Мәскеу сапарына қатысты пікір білдірді деп жазады Ertenmedia.
Бұған дейін Әбішұлы Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен болатын. Әшімбаевтың айтуынша, Назарбаевтың Мәскеуге сапары ресми сипатқа ие болмаған.
«Бұл сапардың ешқандай ресми мәртебесі жоқ, толықтай жеке сипаттағы кездесу. Бұрынғы президенттердің шетелге шығып, басқа елдердің саясаткерлерімен жеке кездесулер өткізуге құқығы бар. Бірақ мұндай кездесулерге қандай да бір ресми өкілеттік немесе ерекше міндет берілмеген», – деді Әшімбаев журналистердің сұрақтарына жауап беру кезінде.
Сенат төрағасы ішкі және сыртқы саясат бойынша шешімдерді толықтай қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдайтынын қадап айтты.
«Қазақстанның сыртқы және ішкі саясатына қатысты барлық мәселе тек қазіргі президенттің өкілеттігі аясында шешіледі. Басқа елдермен, соның ішінде Ресеймен де байланысты толығымен Қасым-Жомарт Тоқаев үйлестіреді. Ол Путинмен тұрақты байланысып, жоғары деңгейдегі келіссөздерді өзі жүргізеді», – деді Мәулен Әшімбаев.
Ол сондай-ақ мұндай жеке кездесулер мен бейресми сұхбаттарға ерекше саяси мән берудің қажеті жоқ екенін атап өтті. Себебі олар Қазақстанның ресми күн тәртібіне қатысы жоқ.
Айта кетсек, Назарбаевтың Мәскеуге сапары қоғамда қызу талқыланып, түрлі болжамдардың тарауына себеп болды. Экс-президенттің баспасөз хатшысы болса, Назарбаев пен Путин арасындағы қарым-қатынасты «көп жылғы достықтың көрінісі» деп атады.