Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовке рақымшылық жасалмайды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қазақстан Президентінің жанындағы Кешірім жасау мәселелері жөніндегі комиссия қаңтар оқиғасына қатысты сотталған ҰҚК экс-төрағасы Кәрім Мәсімовке кешірім беруден бас тартты. Бұл туралы комиссия мүшесі, Мәжіліс депутаты Марат Башимов мәлімдеді.
«Комиссия шешімі енді Президенттің қарауына жіберілді», – деді Башимов.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Мәсімовтің рақымшылыққа ілінуіне қатысты пікір білдіріп, оған Қаңтар оқиғасының шынайы себептері мен ұйымдастырушылары туралы мәлімдеме жасауды ұсынған болатын.
«Меніңше, Мәсімов қаңтардағы бүлікті ұйымдастырушы емес. Ол ұзақ жылдар бойы Назарбаевтың сенімді серігі болып, оның бизнесі мен активтерін басқарды. Егер ол шетелге шығарылған активтер мен транзакциялар туралы ақпарат беріп, басты ұйымдастырушыны атаса, оған кешіріммен қарауға болар еді», – деген болатын Бапи.
Еске сала кетейік, 2023 жылы 24 сәуірде Астана соты ҰҚК-нің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовке 18 жыл бас бостандығынан айыру жазасын кескен еді. Ол мемлекетке опасыздық жасау, билікті күшпен басып алу әрекеті бойынша кінәлі деп танылып, генерал шені мен барлық мемлекеттік марапаттарынан айырылған болатын.
Кейін апелляциялық сот Мәсімов пен оның орынбасарларының жазасын өтеу тәртібін ең қатаң режимнен қауіпсіздігі орташа мекемеге ауыстырған.
Осыған дейін әлемжелі мен БАҚ-та Дариға Назарбаева кітап жазғаны туралы ақпарат тараған болатын.

