Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Нұрәлі Әлиев Ұлыбританиялық әнші Эд Ширанның концертінде төбе көрсетіп, көпшіліктің назарына ілікті, — деп жазады ErtenMedia.
Саяхат барысындағы әсерлерін Әлиев әлеуметтік желіде жариялады. Белгілі болғандай, әлемдік жұлдыздың ән кеші Оңтүстік Азиядағы Бутан корольдігінде өткен.
Нұрәлі Әлиев концерттен бөлек, Бутан королімен түскен суретін де бөлісіп, Тхимпху қаласында түсірілген фотоларын жариялаған.
Суреттердің бірінде Аманкора қонақүйі көрініс тапқан. Ашық дереккөздерге сүйенсек, бұл қонақүй тау баурайындағы ең беделді ауданда, король резиденциясының жанында орналасқан.
Желіге жүктелген фотоларда Нұрәлінің жанында непалдық кәсіпкер Нирвана Чаудхаридің жүргенін байқауға болады.
Осы сапар туралы ой бөлісіп жатқан сарапшылардың пікірінше, Назарбаев әулетінің өкілі емін-еркін ел аралап жүр. Бірқатар телеграм арналардың пайымдауынша, Әлиев елге оралуға асықпайды.
Бұған дейін танымал британ журналисі Жоанна Лиллис “Қара көлеңке” дейтін еңбегінде қанды Қаңтарға дейін «Нұрәлі атасы мен анасының қалқасынан (опекасынан) шығып, әулеттің саяси доминациясын ұзарту миссиясын өз мойнына алуға тас-түйін дайын отырғанын» жазған болатын.
КНБ-ның экс-төрағасы Амангелді Шабдарбаев та осы мәліметті растап, «Дариға билікті басып алуды көздеді» деген пікір білдірген.
ErtenMedia-ға белгілі болғандай, “шетел асқан активті қайтару туралы” заң күшіне енгелі Әлиевтың PR қызметі мен шетел лоббистері Нұрәлінің ұнамды бейнесін қалыптастыруға шұғыл кіріскен.
Мәселен былтыр: “Назарбаевтың немересі жабайы табиғаттың жанашыры. Қар барысының қамқоршысы, түз тағысын сақтап қалуға өлшеусіз үлес қосқан адам…” деген бағытты контент күрт көбейген еді.
Біздіңше, мұның астарында саяси және қаржылық стратегия жатыр. Әлтуристің образын сомдайтын Нұрәлі осы арқылы шетелдегі активін заңдастыра алады әрі салықтық жеңілдіктерге ие болады.
Әлиевтің қазіргі тұрғылықты мекені Араб Әмірліктері деп тұспалдаймыз. Астана әкімінің орынбасары болған тұста (2014-2016 ж) Нұрәлі шетелдік инвестицияға жауап берген. Сол жылдары Абу-Дабидың шейхі Әл-Нақаянмен жиі жүздескен Әлиев өзінің Capital Holding компаниясы арқылы Емираттағы жылжымайтын мүлікке инвестицияны үйіп-төкті деуге негіз бар. Capital Holding бертінге дейін даңқты боксшы Геннадий Головкинге демеуші болғанын білеміз.