Немістің Volkswagen, BMW және Mercedes-Benz компанияларының операциялық пайдасы шамамен 76 пайызға төмендеп, 1,7 млрд еуроға жуықтаған, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мұндай деңгей соңғы рет 2009 жылғы қаржы дағдарысының кезінде байқалған еді. EY аудиторлық-кеңес беру компаниясының талдауы осыны көрсетеді.
Зауыттың ішіндегі шынайы тиімділік күрт төмендеген. Операциялық пайда түссе, ертеңгі инвестиция, жаңа модель, жұмыс орны, жеткізушілердің тапсырысы бәрі көңіл көншітетін жағдайда емес.
Сарапшы мамандар жағдайды 2008-2009 жылдардағы күйзеліс деңгейімен салыстырады. Ең қызығы, басқа ірі автокөлік елдері мұнша әлсіз нәтиже көрсетпеген.
Азиядағы жағдай
Айталық, жапон өндірушілерінің операциялық пайдасы шамамен 29 пайызға азайған, АҚШ пен Қытай компанияларында шамамен 14 пайыз деңгейінде төмендеу бар.
Ал Германияда құлдырау әлдеқайда жоғары. Мұның себебін бірнеше фактормен түсіндіруге болады. Соңғы уақыттары қымбат премиум көліктерге сұраныс әлсіреген. АҚШ-тың баж салығы сияқты кедендік қысым, валюта бағамдары қолайсыздығы, өндірісті жаңғырту қымбаттауы жығылғанға жұдырық болып тиген. Сонымен қатар электр көлігі де инвестицияны шамадан тыс қатжетсінгенін айтуға болады.
Бүгінде Германия мен Еуропаның автонарықтағы рөлі төмендеп барады. Өсу мен даму Азияға ауысқан. Қазір Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай өндірушілері нарықта үстемдігін арттыра түсті.
Осы үрдіс жалғаса берсе, «неміс көлігі» бұрынғы беделін сақтағанымен, әлемдік өндіріс картасындағы салмағы азаятыны айтпаса да түсінікті. Мұндай кезде сыртқы нарықтағы дауыл ішкі жоспарға да әсер ететіні сөзсіз. Сондықтан экономика мен өнеркәсіп саясатында тәуекелді алдын ала есептеу керек.
Маман пікірі:
– Әлемдік автоөнеркәсіп дағдарыс кезеңін өткеріп жатыр. Ал дәл қазір ең қатты соққыны неміс концерндері сезінуде. Қазіргі таңда автонарық электрленуге көшсе, екінші жағынан сатып алушылар бұрынғыдай «премиум» көліктерге ұмтылмайды. Бұдан басқа Азия елдері тарапынан бәсекенің күрт өскенін де атап айтуға болады, – дейді EY сарапшысы Константин Галль.
Тағы бір сарапшы Фердинанд Дуденхёффер Германияда автокөлік өндірісі келесі жылы да қысқаруы мүмкін екенін айтып қалды.
– Германия автозауыты секторындағы жұмысшылар саны 2027 жылға қарай 720 мыңнан 650 мың адамға дейін азаюы ықтимал. Бұл тұтас қала экономикасына әсер ететін үлкен өзгеріс. Зауыт аз өндірсе, қосалқы бөлшек жеткізетін кәсіпорындар да баяулайды, логистика да, қызмет көрсету де қысқаруы ықтимал, – дейді Фердинанд Дуденхёффер.

