Қазақстанда жұртты банк алаяқтарынан қорғау жүйесі күшейтіледі. Депутаттар Мұрат Әбенов пен Бақытжан Базарбек әзірлеген жаңа ереже Парламенттің төменгі палатасында мақұлданды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Жаңа талап банк және микроқаржы ұйымдарының несие беру тәртібін түбегейлі өзгертеді.
Бірінші кезекте онлайн несие рәсімдеген кезде биометриялық идентификация міндетті болады. Клиенттің жеке басын Ұлттық банктің арнайы орталығы (ЦОИД) арқылы тексеру көзделген. Яғни енді ешкім өзге адамның атына қашықтан несие рәсімдей алмайды.
Екіншіден, банктер мен МҚҰ клиентті тексеру үшін антифрод жүйесін (алаяқтық әрекеттерді анықтайтын алгоритм) енгізуге міндеттеледі. Несие алу туралы өтініштер мен күмәнді әрекеттер туралы ақпарат жедел режимде жіберіліп, алаяқтыққа жол берілмейді.
Үшіншіден, бір адам қысқа уақыт ішінде бірнеше ұйымға несие алуға өтініш берсе, банктер әлгі деректі бірден көріп, ондай клиентті бұғаттай алады.
Төртіншіден, зардап шеккен азаматтарға толық ақпарат беріледі. Яғни, банк 10 күн ішінде несие рәсімдеу кезіндегі биометриялық тексеру, клиентті қалай тексергені, несие тарихы туралы толық анықтаманы ұсынуға міндетті. Бұл азаматтарға өздерінің алаяқтыққа қатысы жоғын дәлелдеуге мүмкіндік береді.
Бесіншіден, азаматтардың қарыз жүктемесі азаяды. Несиеге қатысты шешім 1 сағаттан кешіктірілмейді. Егер клиенттің несие тарихы болмаса, ол несиені тек жеке өзі барып рәсімдей алады. Бұған қоса, деректер несие бюросына жіберілмей, ешкімге несие берілмейді.
Жаңа түзетудің нәтижесінде мемлекет банктер мен микроқаржы ұйымдарына бақылауды күшейтіп, алаяқтарға тосқауыл қояды. Азаматтар өзінің кінәсіз екенін дәлелдеуге және қаржылық қауіпсіздігін қорғауда нақты құралдарға ие болады.
Депутат Бақытжан Базарбек аталған бастаманы қолдаған әріптестері және Қаржы нарығын реттеу агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов пен Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұловқа алғыс білдірді.
Жоғары дозалы жемқорлық: Базарбек-Әбенов тандемі фармацевтикадағы фарсты әшкереледі

