Қазақстан экономикасының соңғы екі жылдағы басты тірегі кредиттік импульс болды. 2023 жылдың қыркүйегінен 2025 жылдың қыркүйегіне дейін банктердің жалпы кредиттік портфелі 27,2 трлн теңгеден 40,8 трлн теңгеге жетті. Бұл екі жыл ішінде 50%-ға жуық өсім деген сөз. Салыстырып айтсақ, банктердің қосымша берген 13,6 трлн теңгелік несиесі мемлекетіміздің әлеуметтік салаға жұмсайтын бір жылдық бюджетіне тең. Яғни, экономика бүгінгі күні ішкі сұранысты, инвестицияны және дамуды көбіне банктік несиелер арқылы қаржыландырып отыр.
Бизнеске берілген қарыздар 12 трлн теңгеден 17,1 трлн теңгеге көтерілді. Мұндағы серпіннің негізгі драйвері орта бизнес. Орта кәсіп иелері соңғы екі жылда 58%-дан аса өсім көрсетіп, несиені ең тиімді пайдаланып отырған сегментке айналды.
Шағын бизнестің де үлесі аз емес – 7,4 трлн теңгеге жетті, бұл халыққа қызмет көрсету мен сауда саласының кеңейгенін аңғартады.
Ал ірі корпорациялар да өзіне қажетті қаржыны тартқанымен, олар үшін ішкі несие жалғыз ресурс емес, себебі олар капитал нарығы мен ішкі қорларды да қолдана алады. Бизнес несиелерінің 71%-ы теңгемен берілген, бұл ұлттық валютадағы тұрақты сұранысты көрсетеді.
Негізгі жүктемені халық көтеріп отыр. Үй шаруашылықтарына берілген қарыз көлемі екі жылда 16,8 трлн теңгеден 23,7 трлн теңгеге өсті. Бұл – барлық кредиттің 60%-ы халықтың мойнында деген сөз.
Мұнда басты орын ипотека мен тұтынушылық несиеге тиесілі. Ипотека 6,6 трлн теңгеге жетсе, тұтынушылық қарыз көлемі 15,9 трлн теңгеге көтерілді.
Тұтынушылық қарыздың 73%-ға өсуі – халықтың күнделікті тұрмысын несиемен жапқанын көрсететін дабыл. Азық-түлікке, киімге, тіпті бұрынғы қарызды жабуға алынған жаңа несиелер қазір қоғамның өмір сүру дағдысына айналып барады.
Бұл үрдістің жақсы жағы бар. Ол экономика қарқынды қозғалып, құрылыс, сауда, қызмет көрсету секторы дами түсуде. Алайда оның көлеңкелі тұсы да жоқ емес. Егер банктік несиелер жаңа өндірістерді, технологиялық жобаларды қаржыландыруға емес, қысқа мерзімді тұтынуға жұмсалса, онда бұл модель ұзаққа бармайды.
Несиенің өсуімен бірге тәуекелдер де артады – қайтарылмай қалған қарыздар, халықтың қарызға белшесінен батуы, әлеуметтік шиеленістердің күшеюі. Сондықтан сарапшылардың айтуынша, болашақтағы басты міндет – несиенің сапасын арттыру, яғни әрбір қарыздың елге ұзақ мерзімді пайда әкелуі.
Қазіргі жағдайды спортпен салыстырсақ, бұл жүйе алыптар күресін еске салады. Бір жағында – бизнес пен халықтың қажетін өтейтін банктер болса, екінші жағында – халықтың қалтасын жұқартатын несие шырмауығы тұр.
Сумо күресіндегі алыптар секілді, бұл да ауыр әрі қауіпті тартыс. Егер теңгерім сақталмаса, бір сәттік соққы қоғамның экономикалық тынысын тарылтып жіберуі мүмкін.
Сондықтан да бүгінгі басты сұрақ: несиелік импульс Қазақстанды қай бағытқа жетелейді – тұрақты дамуға ма, әлде әлеуметтік тәуекелге ме?