Соңғы уақытта сирек кездесетін металды барлау жұмысын үдеткен биліктің әрекеті жемісін беруде. Еліміздің бірнеше өңірінде жоғары технология нарығына ауадай қажет тантал мен ниобийдің мол қоры табылды деп хабарлайды Ertenmedia порталы Finratings-ке сілтеп.
Геология комитетінің басшысы Ерлан Ақбаровтың айтуынша, 2021 жылдан бастап еліміз бойынша 12 учаскіде геологиялық барлау жұмысы жүргізілген.
Бүгінге дейін солардың 10-ауында аталған сирек металдардың қомақты қоры анықталған.
Жаңадан ашылған кен орындарының екеуі Шығыс Қазақстанда, үшеуі Түркістанда, тағы үшеуі теріскейде орналасқан.
Солардың ішіндегі ең ауқымды кен орны Қарағанды облысының аумағындағы Күйректікөл учаскесі. Болжам бойынша, мұндағы сирек металдардың жалпы қоры 20 млн тоннадан асып жығылады.
Әзір Ақорданың экономикалық блогы жаңа жобаларға инвестор тарту жұмысына кірісіп кеткен. Үкімет әлі игерілмеген аумақты өндіріске қоюды «Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясына сеніп тапсырмақ.
Қазақстанның жер қойнауындағы сирек кездесетін металға шетел компанияларының қызығушылығы оянып келеді. Өткен айда ғана Аустралияның C29 Metals Limited компаниясы ел аумағында алтын мен мыс іздеу үшін жаңа геологиялық барлау жобасын бастайтынын мәлімдеді.
Индустрия және құрылыс министрлігінің ақпараты бойынша Қарағанды облысындағы 20 млн тоннаны құрайтын қомақты қор 300 метр тереңдікте жатыр, сирек металдардың орташа концентрациясы әр тонна топыраққа шаққанда 700 грамм шамасында.
Reuters-тің дерегінше, егер әлгі ақпарат түпкілікті расталса, Қазақстан сирек металдың қоры бойынша Қытай мен Бразилияға ғана дес беретін болады.
Қазақстан бүгінде Батыс елдері аса мұқтаж болып отырған 34 сирек кездесетін металдың 19 түрін өндіріп отыр.
Президент Тоқаев бұған дейін Маңғыстау облысында да геологиялық барлау жұмысын бастау туралы тапсырма берген. Мемлекет басшысы сонымен қатар Астанада сирек металдарға арналған аймақтық ғылыми-зерттеу орталығын ашуды ұсынған.
Ақорда Араб елдерінің компанияларын сирек кездесетін және басқа да металды бірлесіп игеруге шақыруда. Жобалардың жалпы құны 46 трлн долларға бағалануда.
Ertenmedia анықтамасы: Тантал мен ниобий не үшін керек?
Тантал смартфон, ноутбук және гаджеттердің конденсаторларын жасауға аса қажет. Ол болмаған жағдайда қазіргі электронды құрылғыларды өндіру мүмкін емес. Сондай-ақ, медицинада имплантат дайындауда қолданылады.
Ниобий болса, реактивті ұшақ қозғалтқыштары мен ғарыш кемелерінің бөлшектерін жасауда таптырмас металл. Ол құрыштың беріктігін еселеп арттырады, сондықтан әлемдегі көпірлер мен ғимараттардың тіреулерінде ниобий қосылған құрыш қолданылады.