Шымкентте қаза тапқан Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты істің бабы өзгертіліп, айыптау күшейтілді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Сержан Нұрпейісов әлеуметтік желідегі парақшасында істің енді Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі, 5-тармағы бойынша – «аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру» бабымен қаралатынын мәлімдеді.
Адвокаттың айтуынша, айыптың күшеюі жәбірленуші тараптың тағы бір қорғаушысы Аянхан Омаровпен бірлескен жұмыстың нәтижесінде мүмкін болды. Нұрпейісов өзгеріс істің толық әрі жан-жақты зерттелуіне ықпал етеді деген үміт білдірді.
Аталған бап бойынша кінәлі деп танылғандар 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленуі мүмкін.
Айта кетелік, Нұрайдың өлімі бүкіл елдің қабырғасын қайыстырып, қыздың жанайқайына құлақ аспаған Шымкент полициясының басшылығы түгелге жуық орнынан кеткен.
Бұған президент Тоқаев Ұлттық құрылтайдағы сөзі түрткі болғаны еді. Мемлекет басшысы Нұрай Серікбайдың өліміне алып келген фактырларды жіпке тізіп, полицияның әрекетіне қатысты арнайы тексеріс жүргізуді бұйырған. Үстелді тоқпақтаған Тоқаевтың пәрменінен кейін министр Сәденов осы іске назар аударған болатын.
Контекст
11 қаңтар күні Шымкентте 28 жастағы ер адам студент қызды пышақтап өлтірген. Марқұмның ағасы қылмыскерді ең қатаң жазаға кесуді талап етіп отыр. Туыстарының айтуынша, күдікті жігіт қызға ұзақ уақыт бойы күн бермеген: әлемжеліден іздеп, оқу орнына келіп, құрбыларына хабарлама жіберіп, сабақ кестесін торуылдап жүрген.
Нұрай жігіттің қоқан-лоқы жазбаларының барлығын скриншот жасап, дәлел ретінде сақтаған екен.
«Сен мені түрмеге отырғыза алмайсың», – деп, күдікті қызды бірнеше рет ашық қорқытқан көрінеді. Осындай үздіксіз психологиялық қысымнан кейін қыздың өмірінен береке кеткен. Әрі қарайғы жағдайды білесіздер.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

