1 қараша сенбі күні, Астанада көрнекті жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың есімі берілген аллеяда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай мен елордалық жоғары оқу орындарында оқитын маңғыстаулық студенттердің қатысуымен экологиялық сенбілік өтті.
Акция аясында қатысушылар аллея аумағын тазалап, жапырақтарды жинап, жас көшеттер отырғызды. Шара жылы әрі достық атмосферада өтіп, қоғамдық орындарды абаттандыру мен экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталды.

Облыс әкімі мұндай бастамалардың маңыздылығын атап өтіп, тазалық пен табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыру – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындап берген басым бағыттардың бірі екенін айтты.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев экологиялық жауапкершілікті күшейту мен елдің көркейуіне әр азаматтың үлесін қосуы керектігін үнемі айтып келеді. Біз еліміздің әр түкпірінде білім алып, еңбек етіп жүрген, бірақ өз тамырын ұмытпайтын жерлестерімізді мақтан тұтамыз. Бүгінгі сенбілік – бірлік пен ортақ жауапкершіліктің белгісі», – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Әкім Әбіш Кекілбайұлының қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қосқан өлшеусіз еңбегін, сондай-ақ мемлекет ісіндегі елеулі рөлін атап өтіп, бұл сенбіліктің жастарды еңбексүйгіштік пен туған жерге деген құрмет рухында тәрбиелеуге бағытталғанын жеткізді.
Студенттер өз кезегінде аймақ басшылығына ризашылық білдіріп, мұндай экологиялық шаралар ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтып, елдің мәдени-рухани құндылықтарын дәріптеуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Айта кетейік, сенбілік еліміз бойынша жүзеге асырылып жатқан экологиялық бастамалар сериясының бір бөлігі саналады. Маңғыстау өңірінде қазір «Таза Маңғыстау» 45 күндік челленджі өтіп жатыр. Оның мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру және еріктілер қозғалысын қолдау.

Биыл өңірде Мемлекет басшысының тапсырмасымен басталған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық науқаны табысты қорытындыланды. Акцияға 122 мыңнан астам адам қатысып, 30 мыңнан аса ағаш отырғызылып, 35 мың тонна қоқыс шығарылған.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

