Марқұм Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов желтоқсанның соңында бостандыққа шығады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл туралы Сенат отырысынан кейін журналистерге сұхбат берген ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлім етті.
Оның айтуынша, Шерзат Болаттың өлімі бойынша қозғалған 11 қылмыстық іс тергеуі толық аяқталған. Жыл соңына дейін істің барлық материалдары екі жаққа танысуға ұсынылады. Тергеу аясында осы іске қатысы бар деген күдікпен 11 адам қамауда отыр.
«Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов әкімшілік соттың шешімімен 15 тәулікке қамауға алынған еді. Оның қамау мерзімі осы айдың соңында аяқталады, сол кезде босатылады», – деді Әділов.
Контекст
Еске сала кетсек, 9 желтоқсанда Алматы облысында Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың денесі табылған еді. Полиция департаментінің алдын ала дерегіне сүйенсек, Нұрқанат өзіне қол салған. Бұған дәлел ретінде полиция марқұмның туысына жазған соңғы хабарламасын ұсынған болатын.
Жерлеу рәсімінен кейін Шерзат Болаттың әкесі ұсталып, кейін сот шешімімен 15 тәулікке қамалды. Сондай-ақ, Болаттың әпкелері мен басқа да туыстары сот жауапкершілігіне тартылған. Қазір бұл іс қоғам назарында тұр.

