Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов экс-спикер Нығматулин мен экс-әкімі Даниал Ахметовтің шетелдегі мүлкіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Сенаттың кулуарында тілшілер қауымы активтерді қайтару бойынша құрылған комиссия жұмысы туралы сұрақ қойды.
«Қазір Бас прокуратураның жанынан активтерді елге қайтару жөніндегі комиссия құрылды. Біз осы комиссияның құрамындағы жұмыс органдарының біріміз. Қажетті ақпараттарды жүйелі түрде ұсынып отырамыз. Шетелге заңсыз шығарылған активтер анықталса, арнайы реестрге енгізіліп, әрі қарай тиісті органдар ұжымдық шешім қабылдайды», – деді вице-министр.
Журналист Біржановтан Нығматулин отбасының және Ахметовтің ұлының атына рәсімделген БАӘ-дегі бірнеше жылжымайтын мүліктің тағдыры жайлы нақты ақпарат сұраған еді.
«Аталған тұлғаларға қатысты нақты ақпарат бізде жоқ. Өйткені активтерді есепке алу реестрі басқа мемлекеттік органдардың, құқық қорғау саласының қарауында. Бірақ шетелге заңсыз шығарылған кез келген қаржы мен мүлік тексеріледі. Тіпті көпшілікке белгісіз азаматтар да өз компанияларының активтерін заңсыз сыртқа шығарса, олар да назарға алынады», – деді Біржанов.

