Алматының экс-әкімі Виктор Храпунов АҚШ-та күмәнді қаржыға мүлік сатып алған кәсіпкерлердің тізіміне енді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Global Financial Integrity халықаралық зерттеу ұйымы соңғы 20 жыл ішінде АҚШ-та сатып алынған коммерциялық нысандардың шығу тегін тексерген. Сарапшылардың зерттеуіне іліккендердің қатарында Қазақстанның бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктері де бар.
Олар Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпунов, кезінде мұнай және газ министрі болған Сауат Мыңбаев және «Қазкоммерцбанктің» бұрынғы жетекшілерінің бірі Асқар Алшынбаев.
Халықаралық ұйым АҚШ-тағы кемінде 25 коммерциялық нысанның күмәнді қаржыға алынғанын мәлімдеді. Олардың ішінде медициналық мекеме, кеңсе ғимараты және супермаркет бар. Жалпы сомасы – 35 миллион доллар. Жылжымайтын мүліктердің басым бөлігі делдалдар арқылы сатып алынған.
Журналистерден қашқан компания өкілдері
Құжатта Виктор Храпуновтың есімі жеке аталған. Ол 2013 жылы Нью-Йоркте ауданы 600 мың шаршы фут болатын ірі ғимаратты швейцариялық делдал компания арқылы сатып алған. Бұл келісімге қатысты ақпарат жинамақ болған америкалық журналистер компания өкілдерімен тілдесуге тырысқанда, олар жүздерін планшетпен жауып, жауап беруден бас тартқан.
Айта кетейік, бұған дейін Алматының экс-әкімі шығарған бірқатар шешім заңсыз деп танылып, бірқатар маңызды актив мемлекетке қайтарылды. Нақтырақ айтқанда, Алматыдағы жедел медициналық жәрдем кешенінің аумағы 3800 шаршы метрлік ғимараты мен 50 сотық жер телімін жекеменшікке беру туралы Храпунов шығарған шешімнің күші жойылды. Қаланың мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты бұл мүлікті мемлекет меншігіне қайтару туралы үкім шығарды.
Қазір осы нысан жедел медициналық жәрдем қызметінің қарамағына өтіп, қосымша қосалқы станция ретінде пайдаланылмақ. Бұдан бөлек, Храпунов сатып жіберген тағы бір медициналық мекеме биылғы маусым айында сот арқылы мемлекетке қайтарылған болатын.

