Өскемен әуежайының бұрынғы басшылығы жылдар бойы мекеменің қаржысын жалған сыйақы мен арзан аренда арқылы сыртқа шығарып келген.
Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап Ertenmedia хабарлайды.
Ведомствоның мәліметінше, қазір әуежайдың экс-президенті мен бірқатар қызметкерлеріне қатысты тергеу аяқталған.
Анықталған дерек бойынша, басшылық 5 жыл бойына түрлі құйтырқы тәсілдермен әуежай ақшасын қалтаcына басып келген.
Әуелі олар өздеріне қомақты жалақы мен сыйақыны негізсіз аударып отырған.
Сондай-ақ жалған келісімшарт жасап, компанияның ақшасын касса арқылы қолма-қол қаражатқа айналдырып отыр.
«Күдіктілер әуежайға тиесілі көліктерді нарық бағасынан әлдеқайда төмен бағамен өздеріне жақын адамдарға сатып жіберген. Сонымен қатар, коммерциялық жылжымайтын мүлікті жалға беру кезінде жалдау ақысын әдейі төмендеткен және құжаттарда мүліктің нақты көлемін көрсетпей, қолдан кемітіп жазып отырған», – деп хабарлайды Қаржылық мониторинг агенттігі.
Жалпы мемлекетке келтірілген шығын көлемі 157 миллион теңге. Тергеу барысында күдіктілерге тиесілі 126 миллион теңгенің мүлкі тәркіленіп, сот санкциясымен қамауға алынған. Атап айтқанда, төрт пәтер, жер телімі және екі автокөлік мемлекет меншігіне қайтарылды.
Кейбір телеграм-арналардың жазуынша, Өскемен әуежайын 2004-2023 жылдар аралығында жиырма жылға жуық басқарған Николай Короленко қамауға алынған. Онымен бірге мекеменің өзге де лауазымды тұлғалары тергеуге алынған.
Оларға «қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды», «аса ірі көлемде сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салды» және «қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастырды» деген ауыр айып тағылып отыр.