Өскеменде Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамы қарсаңында облыс орталығында «алтын жастағы» азаматтарға арналған Белсенді ұзақ өмір орталығы салтанатты түрде ашылды,- деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Бұл орталық – зейнеткерлердің уақытын тиімді өткізіп, салауатты өмір салтын ұстануына, шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік беретін маңызды жоба. Ашылу салтанатында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жиналғандарды құттықтап, орталықтың жұмысына сәттілік тіледі.
Шығыс Қазақстан облысында бүгінде 140 мыңнан астам зейнеткер бар. Өңір бойынша қарияларымызға бос уақыттарын тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін барлығы 175 орталық жұмыс істейді. Ол жерлерде егде азаматтарға спортпен, шығармашылықпен айналысуға мүмкіндіктер берілген, бүгінде «алтын жастағы» төрт мыңнан астам адам осы орталықтарға белсенді түрде барып, уақыттарын қызықты өткізіп жүр.
«Біздің мақсатымыз – осындай орталықтарда сіздерге бос уақыттарыңызды қызықты әрі пайдалы өткізуге жағдай жасау, қоғамда ұзақ өмір сүру мәдениетін қалыптастыру. Денсаулықтарыңызды түзеп, өздеріңізді күтіңіздер. Немере, шөберелеріңіздің тойында ән салып, би билеп жүргеннің өзі бақыт емес пе?! Сіздерге мықты денсаулық тілеймін. Алдағы уақытта осы бағытта тағы қандай жобаларды іске асыруға болатынын ойластырып, бүгінгі бастаманы дамыта береміз», — деді облыс басшысы Нұрымбет Сақтағанов.
Орталықтың директоры Маруа Ғайсинаның айтуынша, қазірдің өзінде тоқсаннан астам зейнеткер орталықтың әр түрлі үйірмелеріне қатысуға ниет білдіріпті.
«Бұл жердегі үйірмелерде бір мезгілде сексеннен астам адамға бос уақыттарын тиімді өткізуге жағдай жасалған. Егде жастағы тұрғындар йога, хореография, би үйірмелеріне қатысып, бейнелеу өнерімен, қолданбалы қолөнермен айналыса алады. Сондай-ақ музыка кабинетінде келушілер әртүрлі музыка аспаптарында ойнап үйренеді. Достық үйімен жасалған меморандум аясында зейнеткерлер би үйірмелеріне қатыса алады. Қазірдің өзінде орталықта зумба, танго және спорттық билерді үйрету қолға алынған. Алдағы уақытта келушілерді қызықтырған барлық бағыттарды қамтитын боламыз», — деді Маруа Ғайсина.
Тәжірибелі дәрігер, еңбек ардагері Бақыт Зияданова орталықтың ашылуы егде жастағы азаматтар үшін зор мүмкіндік екенін атап өтті.
«Біз бұл орталықтың ашылуын көптен күткен едік. Осындай игі бастама көтеріп, жүзеге асырған әкімдікке, қоғамдық ұйымдарға, орталық қызметкерлеріне алғысымыз шексіз. Бұл жер – біздің екінші үйімізге айналады. Мен өзім йогаға, би мен сурет үйірмесіне жазылдым. Сонымен қатар тренажер залы мен емдік дене шынықтыру сабақтарына қатысамын. Біз үшін бұл орталықтың маңызы өте зор, себебі ол ұзақ әрі сапалы өмір сүруге септігін тигізеді», – дейді ардагер.
Мұндай орталықтар егде жастағы азаматтардың өмір сапасын жақсартып, оларды өздерін қоғамның белсенді мүшесі ретінде сезінуге ықпал етеді. Жақын уақытта өңірде осындай орталықтардың саны артып, қамтылатын азаматтар қатары көбеймек. Жергілікті билік бұл бағытта жұмысты жалғастырып, зейнеткерлер үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға ниетті.