Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов ҚХР-дың экологиялық шешімдер саласындағы халықаралық көшбасшыларының бірі – «CITIC Environment Investment Group» компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz
«Болашақта бұл әріптестік кәріздік тазарту нысандарын жаңғыртуға, қалдықтармен жұмыс істеу саласына жаңа технологияларды енгізуге және табиғи ресурстарды ұтымды пайдаланудың тұрақты үлгілерін іске асыруға бағытталған. Екі елдің мемлекеттік қолдау шараларын пайдалана отырып жүзеге асырылатын бұл ынтымақтастық экологиялық қауіпсіздік пен шығысқазақстандықтардың өмір сапасын арттыруға тағы бір қадам болмақ», – деді облыс әкімі.
Ынтымақтастықтың алғашқы кезеңінде өңір орталығында пилоттық жоба – Сол жағалаудағы кәріздік тазарту құрылыстарын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, сондай-ақ, қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыттың құрылысы жүзеге асырылатын болады.