Өскемен қаласында халықаралық стандарттарға сай заманауи фармацевтикалық логистикалық хаб іске қосылды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Medservise Plus компаниясы іске асырған бұл орталық енді Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарын қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етеді. Жалпы аумағы 7 мың шаршы метрді құрайтын кешенде дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдарды сақтау және жеткізу үшін барлық жағдай жасалған.
Ғимарат ішінде автоматты есеп жүргізу жүйелері, температуралық бақылау, заманауи технологиямен жабдықталған қоймалар бар.
«Фармацевтикалық саладағы сапалы логистикалық инфрақұрылым халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігіне тікелей әсер етеді. Біз осындай маңызды жобаның қаржылық серіктесі болғанымызға қуаныштымыз. Бұл хаб өңірдегі дәрі-дәрмек жеткізу тізбегінің ең негізгі буынына айналады», – деді Altyn Bank АҚ басқарушы директоры Алика Суртаева.
Кешендегі температура мен жарық деңгейі толық автоматты түрде реттеліп, мыңдаған дәрілік препарат қауіпсіз жағдайда сақталады. Жаңа орталық облыс орталығынан бөлек, шалғайдағы ауылдар мен аудандық ауруханаларға, емханалар мен дәріханалар желісіне дәрі-дәрмекті үздіксіз жеткізуді қамтамасыз етпек.
«Жаңа хаб ең алдымен өңір тұрғындарының денсаулығына бағытталған инвестиция. Біз осы орталық арқылы «СК-Фармациядан» және өзге жеткізушілерден алатын дәрі-дәрмекті халыққа жылдам жеткізіп отырамыз», – деп атап өтті ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омар.
Жобаны қаржыландырған Altyn Bank өкілдерінің айтуынша, бұл инвестиция банк миссиясымен толық сәйкес келеді. Банк аймақ экономикасын дамытуға, жұмыс орындарын ашуға және заманауи технологияларды өңірлерге енгізуге басымдық беріп отыр.
Фармахаб Өскемендегі индустриалды аймақтың негізгі нысанына айналды. Мұнда жүз жергілікті маман тұрақты жұмыспен қамтылды. Жақын арада маңайында тағы бірнеше өндірістік кәсіпорын ашылмақ. Мемлекет олардың қажетті инфрақұрылымын толық қамтамасыз етеді.
Айта кетейік, Altyn Bank корпоративтік және жеке клиенттерге арналған қызметтердің толық спектрін ұсынатын әмбебап коммерциялық банк.
Банктің Қазақстандағы коммерциялық банктер арасында Fitch бойынша «BBB», Moody’s бойынша «Baa3» секілді ең жоғары рейтингтері бар. Алматы, Астана, Атырау, Шымкент, Ақтау қалалары мен «Астана» халықаралық қаржы орталығында филиалдары жұмыс істейді.