Қазақстанда 2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жариялануы елдегі жаңа үрдістердің бағытын айқындады. Осы бастаманың нақты көрінісі ретінде Өскеменде іске қосылған Digital Nauryz платформасы цифрлық өзгерістердің символына айналып отыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Осы аяда Өскемен қаласында өткен «Ұлы дала ойындары: VR & Drone» командалық сайысы ерекше форматымен көзге түсті. Бұл жарыс дәстүрлі рух пен заманауи технологияны біріктіріп, жастарға тың тәжірибе ұсынды.
Сайыс Oskemen Hub алаңында өтті. Шығыс Қазақстанның IT қауымдастығына кіретін жастар командаларға бөлініп, дрон жарыстары мен VR-симуляторлар арқылы өз шеберліктерін көрсетті. Мұнда тек жылдамдық емес, дәлдік пен үйлесім басты рөл атқарды.

Қатысушылар техникалық дағдылармен қатар логикалық ойлау, жедел шешім қабылдау және командалық жұмыс қабілеттерін де сынады. Виртуалды ортада бағыт табу мен дрон басқару нақты тәжірибеге айналды.
Іс-шараны Rating, Oskemen Hub және ШҚО цифрландыру және архивтер басқармасы бірлесіп ұйымдастырды. Ұйымдастырушылар мұндай жобалар жастардың технологияға қызығушылығын арттырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті.
Жоба менеджері Андрей Охотенко дрон технологиясының әлеуетіне тоқталды.
«Дрондар көптен бері қолданылып келеді, бірақ олардың мүмкіндігі әлі толық ашылған жоқ. Жастар жаңа идеялар ұсынып, жаңа бағыттарды қалыптастырып жатыр. Бұл салада шектеу жоқ, тек заң талаптарын сақтау маңызды», – деді ол.
Nauryz Digital апталығы аясында тек бұл жарыс қана емес, бірқатар маңызды шаралар өтті. Хакатон ұйымдастырылып, жастар өз жобаларын қорғады. Hackathon Pitch Day кезінде үздік идеялар қаржылай қолдау тапты.
Сонымен қатар технология саласындағы әйелдердің рөлі талқыланған форум өтті. Бұл бағытта жаңа мүмкіндіктер мен кәсіби даму жолдары сөз болды. Білім беру саласында да нақты қадамдар жасалды. 35 мұғалім жасанды интеллект бойынша арнайы оқытудан өтіп, жаңа технологияларды оқу процесіне енгізу тәсілдерін меңгерді.
Балаларға арналған «AI Lab Наурыз» және «Drone Lab Наурыз» жобалары іске асырылып, тәрбиеленушілер дрон басқаруды үйренді. Жалпы, Nauryz Digital апталығы өңірдегі IT қауымдастықты біріктіріп, жастарға жаңа бағыттар ұсынған маңызды алаңға айналды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







