2025 жылы Қазақстандағы ЖІӨ өскенімен халықтың жағдайына анау айтқандай әсер етпеген. Өкінішке орай, елімізде нақты табыстар өсіп, оны баға мен инфляцияның «жеп қоюы» әдетке айналған. Бұл қазақ экономикасының жан ауыртар шындығы.
Мұны Halyk Finance сарапшыларының жариялаған деректерінен айқын көруге болады. 2025 жылдың басында экономика бірінші тоқсанда 5,8%-ға өсіп, біраз адамның қызығушылығын тудырған еді.
Бірақ бұл өсім халықтың шынайы табысымен сәйкеспейді. Қаржы секторынан алынған мәліметке сүйенсек, жалақы өсімі баяғыдай «экономикалық өсімнің» көлеңкесінде қалып отыр.
Мысалы, 2025 жылдың бірінші тоқсанында халық табыстары тек номиналды түрде өсіп, нақты табыстар өсуден қалған. Еліміздегі баға мен тарифтердің өсуі және валюта айырбас бағамының құбылмалы болуы халықтың күнделікті тұтынатын тауары мен қызметіне барынша әсер етуде. Статистика комитетінің мәліметше, 2025 жылдың шілдесінде инфляция мөлшері 11,8 %-ға жеткені көрсетілген.
Ендеше, «экономика өседі, халық кедейленеді» деген әңгіме жас сөз емес. Егер экономика өсетін болса, онда бұл өсу адамдардың жағдайын жақсартуы керек.
Бірақ қазір өсім тек кейбір секторларда ғана байқалуда. Айталық, қаржы, өнеркәсіп және тау-кен саласында. Басқа салалар, әсіресе ауыл шаруашылығы, білім, денсаулық сақтау, құрылыс, кейбір қызмет көрсету салалары анау айтқандай өсім байқалмайды.
Өсім мен даму тек сандардан тұрмауы керек. Біздіңше, инфляция мен тарифтердің көлемі бір-бірімен сабақтасып жатуы тиіс. Бұл қандай да бір экономикалық магия емес, стратегиялық міндет. Егер байлық бір салаға шоғырланып, халықтың жағдайы жақсармаса, көпшілік үшін экономикалық өсімнің мәні болмасы анық.