Еуразияда жаңа геосаяси шындық қалыптасып келеді. Орталық Азия елдері соңғы кезде көлік-логистикалық бағыттарды әртараптандырып, Ресей аумағын айналып өтетін жобаларды іске асыруға бет бұруда, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жақында ғана Өзбекстан мен Түркия арасында жаңа тұрақты контейнерлік пойыз маршрутын ашу туралы келісімге қол қойылды. Бұл дәліз Түркіменстан мен Иран арқылы өтеді және Ресей территориясын мүлде басып өтпейді. Биыл қаңтар айының соңында Анкарада қабылданған осы шешім тек логистика тұрғысынан ғана емес, аймақтың жаңа геосаяси таңдауынан хабар береді.
Бір қарағанда, бұл жоба қарапайым логистикалық бастама болып көрінуі мүмкін. Шындығында, мұның артында үлкен стратегиялық мән жатыр. Маршрут Орталық Азияның еуропалық нарыққа шығу жолын едәуір қысқартады, шығындарды азайтады және өңірдегі сауда байланыстарын нығайтады. Қазіргі уақытта өзбекстандық экспорттаушылар үшін бұл бағыт Суэц каналы арқылы теңіз жолымен жеткізумен салыстырғанда уақытты екі есеге дейін үнемдейді.
Бірақ жобаға тереңірек үңілсек, мәселе логистикамен ғана шектелмейді. Бұл бағыт – соңғы жылдары қарқын алған және мақсатты түрде Ресей аумағын айналып өтетін бірқатар жобалардың жалғасы. Орта дәліз («Middle Corridor») жобасы, сондай-ақ Пәкістан, Қытай, Қырғызстан мен Өзбекстан қатысатын жаңа бастамалар – осы стратегияның құрамдас бөлігі. Орталық Азия елдері ендігі жерде бір ғана транзиттік державаға тәуелді болғысы келмейді және посткеңестік кезеңнен қалған шектеулерден арылуға ниетті.
Ресей ұзақ уақыт бойы Орталық Азияның транзиттік бағыттарына толық бақылау орнатып келген еді. Мәскеу балама бағыттарды тежеу үшін бар мүмкіндіктерін пайдаланып, жаңа жобаларға кедергі жасап келді.
Алайда бүгінгі шындық өзгерді. Ресейдің Украинадағы соғысы және одан туындаған санкциялар дәстүрлі бағыттарды қымбат, сенімсіз әрі саяси тұрғыдан қауіпті етті. Осыған байланысты Орталық Азия елдері логистикалық тәуелсіздік мәселесін өз қолына алды.
Әзербайжан салған сара жол
Бұл ретте Әзербайжанның тәжірибесі ерекше назар аударуға тұрарлық. Әзербайжан Ресейдің транзиттік монополиясына алғаш рет ашық қарсы шыққан ел. Ол энергия құбырлары мен транспорт дәліздерін Ресей аумағынан тыс жүзеге асырып, бүкіл өңірге үлгі көрсетті. Қазір Орталық Азия елдері дәл осы жолмен жүріп келеді.
Өзбекстан-Түркия көлік дәлізінің институционалдық негіздері мұқият ойластырылған. 2023 жылдың қарашасында Түркіменстан, Өзбекстан, Иран және Түркия транспорт саласындағы көпжақты келісімдерге қол қойды.
Бұл құжат бойынша Қытай мен Азия-Тынық мұхиты өңірін Еуропамен байланыстыратын мультимодалды дәліз құру жоспарланған. Жобаға қатысушы елдер техникалық стандарттарды, нормативтік базаны және кедендік рәсімдерді біріздендіру бойынша нақты қадамдар жасауда.
Бағыттың тиімділігі де іс жүзінде дәлелденген. 2022 жылдың желтоқсанында Түркиядан шыққан алғашқы контейнерлік пойыз Иран мен Түркіменстан арқылы Өзбекстанға жеткен еді. Бұл дәліздің ұзындығы шамамен 4500 шақырым. Мемлекеттердің жобаны кезең-кезеңмен институционалдандыруы оны ұзақ мерзімді стратегиялық актив ретінде қарастыратынын көрсетеді.
Қазіргі таңда Өзбекстан бұл дәлізге Қытайды тартуға мүдделі. Бейжіңде екі елдің теміржол әкімшіліктері арасында келіссөздер жүріп жатыр. Егер жобаға Қытай қосылса, жаңа маршрут Еуразияның логистикалық архитектурасына толық кірігіп, тағы да Ресей аумағын айналып өтетін маңызды транзиттік бағытқа айналады.
Дегенмен сарапшылар жаңа дәліздердің ашылуы Баку-Тбилиси-Карс (БТК) теміржолының рөліне нұқсан келтіруі мүмкін деген қауіп білдіруде. Шын мәнінде, Өзбекстан–Түркия бағыты негізінен екі ел арасындағы саудаға бағытталған. Ал Еуропаға ауқымды көлемде жүк тасымалдауда БТК дәлізінің артықшылығы мол. Грузиядағы Қара теңіз порттарына, әсіресе Поти мен жоспарланған Анаклия портына тікелей теміржол байланысының болуы БТК-ны стратегиялық жағынан алға шығарады. Түркиядағы Трабзон немесе Ризе секілді порттар шағын және теміржолмен тікелей байланыспайды.
Қазір мәселе дәліздердің бәсекелестігі емес, керісінше олардың санын арттыру қажеттігі болып отыр. Еуразия аймағында балама көлік жолдарының көптігі – стратегиялық қажеттілік. Маршруттардың әртүрлілігі өңірдегі сауданың саяси тәуекелдерге, санкциялар мен шиеленістерге тәуелділігін азайтады.
Украинадағы соғыс жалғасып, геосаяси жағдай өзгеріп жатқан тұста Орталық Азия елдері маңызды таңдау жасап отыр. Аймақ мемлекеттері көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту арқылы Ресейге деген тәуелділікті азайтып, жаңа әріптестік байланыстарға жол ашуда. Бұл үрдістің алдағы уақытта да күшейе беретіні анық. Орталық Азия елдері өздерінің геосаяси ұстанымдарын қайта қарап, стратегиялық автономияға бет алғанын осыдан-ақ аңғаруға болады.
Тілшілеріміз Түркияның Оңтүстік Кавказды толық бақылауға алып, Каспий теңізіндегі маңызды энергетикалық ресурстарға ие болғанын талдап жазды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

