Маңғыстау облысындағы мұнай-газ кәсіпорындарында жүргізілген тексерулер ел назарын өзіне аудартқан қылмыстық істің ашылуына себеп болды. Қара алтынды тасымалдап, миллиардтаған қаржы айналатын салада ашықтық пен адалдықтың сақталмауы көп нәрсеге әсер етеді, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Oil Transport Corporation» ЖШС қызметінде жабдықты қабылдау кезінде ірі заң бұзушылықтар анықталып, іс сотқа дейін жетті. Прокуратураның тексерісі кезінде бұл оқиғаның артында жай ғана техникалық қателік емес, әдейі жасалған заңсыздықтың жатқаны анықталған.
Тергеу барысында кәсіпорынның бас директорының орынбасары мен мердігер компанияның екі өкілі ұсталып, кінәлары дәлелденді. Олар мемлекет қаржысын жымқырып, саланың беделіне нұқсан келтіргені үшін жауапқа тартылды.
Сот шешімі бойынша бас директордың орынбасары 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілсе, мердігер компанияның өкілдері әрқайсысы 2 жылға бас бостандығын шектеумен шектелді. Қылмыстың салдары аз емес еді, бірақ сот отырысында сотталғандар 250 млн теңгені мемлекетке қайтарып, шығынды өтеді.
Мұнай-газ саласы – ел экономикасының тірегі. Бұл саладағы әр теңге халықтың тұрмысына, бюджеттің толықтырылуына, әлеуметтік бағдарламалардың жүзеге асуына тікелей әсер етеді.
Халық арасында «миллиондаған қаржы жымқырғандар шартты жазамен құтылып кетеді, ал ұсақ қылмыс жасағандар жылдар бойы түрмеде отырады» деген наразылық жиі айтылады. Осы жолғы жағдай да сол пікірді қайта қозғады.
Мұнай тасымалы мен өңдеу ісінде ашықтық пен бақылау болмаған жерде осындай қылмыстар жалғаса беретіні анық. Құқық қорғау органдарының міндеті – тек жазалау емес, алдын алу шараларын күшейту. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, заңды айналып өтуге тырысатындар әрқашан табылады. Бұл істің сотта қаралып, үкімнің заңды күшіне енуі белгілі бір деңгейде әділеттің орнауына себеп болғанымен, түпкі мәселе шешілген жоқ. Себебі мұнай-газ саласында қаржы айналымы миллиардтаған теңгені құрайды, ал бақылау механизмі әлі де әлсіз.
Осындай жағдайларда халықтың көкейінде бір сұрақ қалады егер ең ірі стратегиялық саланың өзінде қатаң бақылау орнатылмаса, онда шағын және орта кәсіпорындарда не болып жатыр? Бұл сауалдың жауабы билік пен қоғам арасындағы сенімнің өлшемі болмақ.