Оралда букмекерлік кеңселерге бәс тіккен 24 мемлекеттік қызметкер тәртіптік жазаға тартылды. Олардың 16-сы жұмысынан айырылған. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады деп жазады Ertenmedia.
Құмар ойынға әуес болғандар арасында қала әкімдігінің, мемлекеттік кірістер басқармасы мен полиция қызметкерлері бар. Олар заңмен тыйым салынғанына қарамастан букмекерлік кеңселерге ақша тігіп келген.
Бас прокуратураның мәліметінше, былтыр қыркүйектен бастап мемлекеттік қызметшілерге құмар ойын мен букмекерлік кеңселерге қатысу жемқорлықпен күрес аясындағы шектеулер тізіміне енген.
Осыны бұзған 24 шенеунік жауапқа тартылып, 16-сы жұмыстан шығарылды.
Белгілі болғандай, қала әкімдігінің бір қызметкері букмекерлік шотына жалпы сомасы 34 млн теңгеден аса қаржы құйған. Шектеу күшіне енгеннен кейін де ол 1,7 млн теңге аударып, оның 971 мың теңгесін ұтылған. Бұл дерек букмекерлік компания тарапынан расталған соң, қызметкер орнынан босатылды.
Қазір өңірде осыған ұқсас жағдайлардың алдын алу үшін түсіндіру жұмыстары күшейтілді. Мемлекеттік қызметшілерге ойынқұмарлыққа жол берілмейтіні және ондай әрекеттер жемқорлық қатері ретінде қарастырылатыны ескертілуде.