Қазақстанның саяси-экономикалық элитасының белді өкілі Александр Машкевич өмірден өтті. Eurasian Resources Group (ERG) пен Евразиялық қаржы компаниясының (ЕФК) тең құрылтайшысы болған Александр Машкевичтің 2023 жылдан бері ауыр дертке шалдыққаны, тіпті ми ісігіне ота жасалғаны туралы мәліметтер тарай бастаған болатын. Әзірше ERG тобы Александр Машкевичтің қазасы жайында ресми ақпарат таратқан жоқ, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Александр Машкевич посткеңестік кеңістікте олигархиялық капитализм мен мемлекеттік мүдденің тоғысқан нүктесі, Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы онжылдықтарындағы құпия альянстар мен геоэкономикалық архитектураның тірі символы болғаны анық. Ол – ресми билік пен жеке капиталдың арасындағы келісімнің «бет-бейнесі», «жаңа капитализмнің» ішкі және сыртқы саяси элементтерін қатар ұстаған фигура.
ERG – Қазақстандағы ең ірі шикізат-өнеркәсіптік холдингтердің бірі ғана емес, сонымен бірге мемлекеттің стратегиялық экономикалық автономиясының нақты индексі. Бұл компания «Казхром», «Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігі», «Қазақстан алюминийі», Электролиз зауыты сияқты ұлттық маңызы бар активтерді басқарады. Яғни, Машкевичтердің қолындағы үлес – жай ғана бизнестегі байлық емес, ұлттың табиғи ресурстары мен экономикалық егемендігіне әсер ете алатын ықпал.
ERG-нің құрылтайшылары қатарында Машкевичпен қатар Патох Шодиев пен Ибрагимовтер әулеті болған. Бұл альянс – классикалық постсоветтік «үштіктің» үлгісі: саяси капитал, трансұлттық байланыс және этникалық-прагматикалық серіктестік.
Ал компания акциясының 40%-ы ҚР Қаржы министрлігіне тиесілі. Бұл — формалды түрде мемлекеттің қатысуын білдіреді, алайда шын мәнінде бұл құрылым мемлекеттік капитализм мен клептократиялық синтездің айғағы болғаны даусыз.
Александр Машкевичтің өмір жолы – бұл жай ғана бизнесменнің биографиясы емес, бұл – посткеңестік кеңістікте капиталдың қалай легитимдендірілгені мен қалай трансұлттық әсерге ие болғанының оқулығы.
Ол Батыс пен Шығыс арасында тепе-теңдік сақтап, бір мезетте жаһандық қаржы орталықтарымен байланыс жасап, посткеңесті билік элитасымен серіктес бола білді.
Оның өмірінің соңғы кезеңдері туралы ақпараттың бұлыңғыр болуы да – олигархиялық капиталдың транспаренттілік дағдарысының көрінісі.
Машкевич кеткенімен, оның артында үлкен сұрақтар мен жауапсыз қалған контекстілер қалды. Қазақстан билігі мен халқы енді не істемек? Бұл – мемлекеттің экономикалық егемендігіне қайта иелік ететін сәт пе, әлде тағы бір элиталық қайта бөлу кезеңінің басталуы ма?
Нағыз сұрақ мынада – Машкевичтен кейінгі ERG – ұлттық мүддеге қызмет ететін құрылымға айнала ма, әлде көлеңкелі альянстардың қолшоқпары болып қала бере ме?
Саяси тарих осындай сәттерде жазылады. Ал бұл жолғы парақ – өте күрделі әрі қайшылықты. Бірақ оны бұлыңғыр қалпында қалдырмау – ұлттың жауапкершілігі.