Қазақстандық олигархтардан тәркіленген люкс санатындағы сағаттар сатылымға шықты. Активтерді қайтару басқармасы (КУВА) бұл ерекше аукционның 31 шілде күні өтетінін хабарлады.
Аукционға шығарылған сағаттардың жалпы құны 352 млн теңге. Барлығы 25 дана сағат сатылымға түседі деп жазады Ertenmedia.
Тізімдегі ең арзан сағат Eco Swiss маркасының қарапайым хронометрі. Болаттан жасалған корпусы мен бұзау терісінен тігілген бауы бар бұл сағаттың бастапқы бағасы небәрі 55 мың теңге.
Ал ең қымбат сағат Ulysse Nardin Classic 789-80. Платинадан жасалған корпусы және жауынгерлердің бейнесі салынған алтын фигуралармен безендірілген циферблаты бар сағаттың бастапқы құны 150 миллион 117,2 мың теңге. Дегенмен сағат корпусындағы ұсақ сызаттар мен білезігінің тозуына байланысты бағасы біршама төмендетіліпті.
Қымбат бұйымдардың қатарында тағы бірнеше ерекше модель бар:
Frank Muller Geneve (20,5 млн теңге): корпусы қызғылт алтыннан жасалған, рубин және сапфир тастарымен безендірілген.
Ulysse Nardin Archive Freak Cruiser (20,3 млн теңге): корпусы ақ алтыннан жасалған эксклюзивті модель.
Breguet 3099 BE (10,7 млн теңге): 139 гауһар тасымен көркемделген.
Patek Philippe (16,1 млн теңге): әлемге әйгілі брендтің ерекше өнімі.
Орташа бағалы санатта Perrelet Turbine XL атты лимиттелген сериядан шыққан ерекше модель бар. Қазақстанның туы мен елтаңбасы бейнеленген бұл сағаттың бағасы 805,9 мың теңге. Сондай-ақ Cartier (1,3 млн теңге) және Breguet 2846 (3,2 млн теңге) маркалары да сатылымға шығарылды.
Активтерді қайтару басқармасы бұл сағаттардың бұрын кімге тиесілі болғанын жариялаған жоқ. Аукцион ұйымдастырушыларының айтуынша, мұндай сирек кездесетін құнды заттар коллекционерлердің назарынан тыс қалмайды.