Куала-Лумпурда өткен АСЕАН саммиті қай ел келіссөзге қабілетті, қайсысы бітімгерлікке дайын екенін көрсетіп берді. Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің басшылары жиылған бұл жиында Мьянмадағы ішкі қақтығыс, Газадағы жағдай, цифрлық алаяқтықтың өршуі, АҚШ пен Қытай арасындағы текетірестің күшеюі кеңінен сөз болды. Әңгіме тек аймақтың ішкі мәселесімен шектелмейді, жаһандық сауда жүйесінің шайқалуына дейін барып тірелгенін байқадық. Тариф саясаты арқылы басталған экономикалық тартыстар қазір қауіпсіздік күн тәртібіне шығып отыр.
Көпшіліктің назары, әрине, АҚШ пен Қытай арасындағы әңгімеге ауғаны белгілі. Дональд Трамптың Куала-Лумпурге бір аптаға созылатын Азия турының басталуы ретінде қаралуда. Саммитке Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея, Бразилия, ОАР, Канада, Австралия, Жаңа Зеландия лидерлері келді, ал АСЕАН-ға алғаш рет 1999 жылдан бері жаңа мүше Шығыс Тимор қосылды. Осы форматтың өзі-ақ Оңтүстік-Шығыс Азияны бүгінде тек аймақтық ұйым емес, жаһандық саясаттың түйіскен нүктелерінің біріне айналғанын көрсетеді.
Саммит аясындағы АҚШ пен Қытай келіссөзі жаһандық бітімгершіліктің экономикалық қырын айқын сездірді. Екі жақ әзірге толыққанды келісімге келген жоқ, бірақ болашақ сауда келісімінің шекарасын белгілейтін рамкалық уағдаластыққа жақындағаны айтылды.
Негізгі мәселе Қытайдың сирек жер металдары экспортына бақылауды күшейтуі мен Вашингтонның 100 пайыздық тарифтер туралы қатқыл уәделері. Осы жолғы әңгіменің нәтижесінде кикілжіңнің қызуы біршама басылып, тарифтерді одан әрі көтеру ықтималдығы төмендегені байқалады. Есесіне Қытай америкалық соя сатып алуды қайта жандандыруға дайын екенін мәлімдедң.
Сирек жер металдары болашақ технологияның жүрегі. Электромобиль, микрочип, жасанды интеллект, заманауи қару-жарақтың бәрі осы ресурстарға тәуелді. Қытай әлемдік өндірістің басым бөлігін бақылап отыр. Ал АҚШ осы тәуелділікті әлсіреткісі келеді.
Сондықтан АСЕАН алаңында жасалған әр келісім тек екіжақты сауда емес, қауіпсіздік архитектурасының да бір бөлшегі ретінде қабылдануда. Егер екі алпауыт тарифтік соққыларды уақытша тоқтатса, әлемдік нарықтағы белгісіздік бір сәтке болсын саябырсиды. Бітімгершілік көбіне осындай технократиялық детальдардан басталады.
Тағы бір қызық тақырып Солтүстік теңіз жолына деген қызығушылықтың артуы. Азия мен Еуропаны қысқа маршрутпен жалғайтын бұл бағыт қазір логистика саласындағы үлкен ойынға айналып отыр. Жүк тасымалы жыл сайын өсіп келеді. Бірақ инфрақұрылым әлі толық дайын деу қиын. Мұзжарғыш флот, порттар, цифрлық навигация, экологиялық қауіпсіздік – осының бәрін реттемей, тұрақты дәліз құру қиын.
Егер Солтүстік теңіз жолы толыққанды халықаралық коридорға айналса, бұл да өз алдына экономикалық бітімгершілік жобасы секілді болмақ. Өйткені сауда жолы ашылған жерде қақтығысқа деген құлшыныс төмендей түсетіні тарихтан белгілі.
АСЕАН саммиттері жаһандық бекітудің өзінше «мозайкасын» құрайтын алаң. Мұнда экономикалық даму, инвестиция, цифрлық трансформация, энергетика, экология, азық-түлік қауіпсіздігі қатар талқыланады. Көп ел үшін бұл сауда келісімін таңбалап беретін жер, ал сарапшылар үшін ортақ қауіптерді салыстырып, білгенін бөлісетін орталық.
Геосаяси сызбаның тағы бір қыры орта державалардың рөлі. АСЕАН елдері өздерін алпауыттардың көлеңкесінде қалатын аймақ ретінде қабылдамай қойғанына біраз болды. Олар одаққа қосылғысы келетіндердің бәріне бірдей есік аша бермейді, әр саммитте сыртқы ойыншылардан тепе-теңдік сақтауды сұрайды. Осындайда біраз ел Қазақстаннан сабақ алуға болады. Астана да көп жылдан бері диалог алаңы ретіндегі рөлін күшейткені белгілі. Ал Оңтүстік-Шығыс Азиядағы тәжірибе бітімгершілік дипломатияның басқа қырын көрсетеді.
Куала-Лумпурдегі саммиттің басты мәні кімнің кімге қатаң талап қойғанында емес, кім қай жерде шегініп, қай жерде ортақ мүдде тапқанында болып тұр. АҚШ пен Қытай тарифтік қысымды бәсеңдетуге талпынып отыр, Ресей Азиялық серіктестермен энергетика мен логистикада ұзақ мерзімді жобалар ұсынуда, АСЕАН елдері өзара сенім алаңын сақтап қалуға тырысқанын байқадық.
Осындай жиындар арқылы жаһандық бітімгершілік бірден орнап кетпейді, бірақ сенімге негізделген ұсақ қадамдар жинала берсе, ертең үлкен келісімге жол ашылуы мүмкін. Бүгінгі әлемге керегі де – дәл осындай сабырлы, прагматикалық, қақтығыс емес, келісімге жақын форматтар.

