Түркістан облысы мен Шымкентте жеке күн генерациясы энергетикалық жүйенің көзге көрінетін бөлігіне айналып келеді. Кәсіпкерлер мен үй иелері шатырға күн панельдерін орнатып, алдымен өз нысанын жарықпен қамтамасыз етіп, артығын «Оңтүстік Жарық Транзит» желісіне сатып отыр. Осылайша бұрын тек тұтынушы болып келген адамдар біртіндеп шағын өндірушіге айналып жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
«Қазақстандық коммуналдық жүйелері» тобы мен «Оңтүстік Жарық Транзит» дерегіне қарасақ, соңғы бір жылда құрылымдық өзгеріс айқын сезіледі. 2024 жылы нетто-тұтынушы саны бар болғаны 22 болса, 2025 жылдың қарашасына қарай 78 адамға жетті.
Яғни 3,5 еседен артық өсім тіркелді. Орнатылған жалпы қуат та өзгерді. Бұрын жеке күн стансалары 2750 кВт деңгейінде болса, қазір 7602 кВт көрсеткішіне жақындап отыр. Бұл сан қағаздағы цифр ғана емес, желіге беріліп жатқан нақты энергия. Өткен жылы нетто-тұтынушылар 910 мың кВт·сағат шамасында электр өткізсе, 2025 жылдың қаңтар-қазан айларында бұл көлем 3,5 млн кВт·сағаттан асты.
Күн стансаларының өсімі тек жасыл трендке ілесу үшін емес. Оңтүстікте жаз айларында кондиционер, су сорғысы, суару жүйелері белсенді жұмыс істейді, желіге түсетін жүктеме артады.
Күндізгі уақытта жеке панельдер іске қосылып, көрші-қолаңмен бірге сол жүктеменің бір бөлігін өз мойнына алады. Соның арқасында желі тұрақтылығы артып, кернеу секірісі азаяды, инфрақұрылымның тозуы да баяулайды. Энергетиктер микрогенерацияны «тараған энергетика» деп атайды. Бір үлкен стансаның орнына мыңдаған шағын көз біртіндеп ортақ жүйені тіреп тұр.
Қаржы жағынан да бұл модель өзін ақтап келеді. «Оңтүстік Жарық Транзит» желісіне қосылған алғашқы нетто-тұтынушыларға төленген жалпы сома 200 млн теңгеден асты.
Соның 120 млн теңгесі 2025 жылдың алғашқы он айында берілген. Яғни, күн стансасының иесі үшін бұл жай әуесқой жоба емес, шығыны қайтатын нақты инвестиция. Кәсіпорын үшін электр шығынын азайтып, операциялық шығынды қысқарту аса маңызды. Жеке үй иесі үшін ай сайынғы шотты төмендету, әрі қосымша табыс табу да жаман емес.
Микрогенерация үлгісінің тағы бір жағы бар. Бұрын электр энергиясы туралы шешім ірі станса, желі иесі мен регулятор арасында қабылданатын. Қазір ойын алаңына қарапайым тұтынушы да қосылып жатыр.
Кімде шатыр бар, кімде бос алаң бар, соның бәрі ертең өндірушіге айналуы ықтимал. Бұл энергетикадағы монологты диалогқа айналдырады. Адам өз панеліне, есептегішіне, желіге қосылу шарттарына көбірек көңіл бөле бастайды. Осы мәдениет біртіндеп қалыптаса берсе, энергияны үнемдеу, шығынды қысқарту, тиімді тарифке көшу туралы әңгіме де басқаша жүреді.
Алдағы жоспар да айқын. Қазіргі қарқын сақталса, 2026 жылы «Оңтүстік Жарық Транзит» желісіндегі нетто-тұтынушылар саны жүзден асады, күн стансаларының жалпы қуаты 10 МВт деңгейіне жақындайды деген болжам бар. Мұндай қуат өндірістік нысаны бар шағын станса көрсеткішіне тең. Жылына 5 млн кВт·сағаттан артық таза энергия талапқа сай өндірілсе, бұл бірқатар ауылдың немесе бірнеше шағын кәсіпорын кешенінің жылдық сұранысын жаба алады.

