Түркияның ең ірі қаласы Стамбулда халық наразылығы қайтадан өршіді. Бұған себеп – сот шешімімен оппозициялық Халық-республикалық партиясының қалалық бөлімшесінің жетекшілігі қызметінен шеттетіліп, партия лидері, бұрынғы қала әкімі Экрем Имамоглуның қамауда қалуы, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Наурыз айынан бері үйқамақта отырған Имамоглуға шілде айында 1 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасы кесілген еді. Бұл шешім оппозициялық электорат үшін ғана емес, жалпы демократия мен саяси әділеттілікті талап ететін қарапайым халық үшін де ауыр соққы болып тиді.
Стамбул көшелерінде халықтың сабыры таусылғанын айқын көрсеткен көрініс – кастрөл акциялары. Жүздеген адам өз үйінің терезесінен, балконнан ыдыс-аяқпен тарсылдатып, билікке деген қарсылығын білдірді. Мұндай қарапайым әрі символдық қадам – халықтың наразылығын бейбіт түрде жеткізудің дәстүрлі әдісі.
Алайда билік тарапынан жауап та кешікпеді Полиция мен наразы топ арасында қақтығыстар болды, бірнеше адам ұсталды. Қала губернаторы үш күнге митинг, баспасөз конференциялары мен парақша таратуға тыйым салып, әлеуметтік желілерде де бұғаттаулар орын алды.
Бұл жағдайдың саяси астары тым терең. Имамоглу – қазіргі президент Режеп Тайып Ердоғанның басты қарсыласы. Ол алдағы сайлауда оппозиция атынан ел көшбасшысы лауазымына үміткер ретінде бекітілген болатын. Дәл осы шешімнен кейін билік тарапынан қатаң қысым күшейіп, тек Имамоглу ғана емес, басқа да 15-ке жуық оппозициялық мэр қамауға алынды. Бұл – Түркияда саяси күрестің жаңа кезеңі басталғанын көрсететін айқын белгі.
Оқиғаның ушығуы Түркияның ішкі тұрақтылығына ғана емес, халықаралық имиджіне де әсер етпек. Әлем алдында өзін демократиялық мемлекет ретінде көрсеткісі келетін ресми Анкара, іс жүзінде, саяси бәсекелестікті шектеп отырғаны байқалады. Оппозицияны заңды алаңнан ығыстыру биліктің күшеюіне мүмкіндік бергенімен, қоғамдағы наразылық толқынын одан сайын өршітуі мүмкін. Тарих көрсеткендей, халықтың дауысын күштеп өшіру ұзаққа бармайды.
Стамбул – елдің жүрегі, ал оның көшелеріндегі наразылық бүкіл мемлекеттің көңіл-күйін білдіреді. Әлеуметтік желілерді бұғаттап, кастрөлдің үнін өшіруге болады, бірақ қоғамдағы сенімсіздікті тоқтату мүмкін емес. Билік пен халықтың арасындағы алшақтық ұлғайған сайын саяси жүйенің де тұрақтылығы шайқалады.
Имамоглуның тағдыры бүгінде Түркиядағы демократияның тағдырына айналып барады. Егер ел оппозиция өкілдерін қудалау арқылы саяси процестің табиғи бәсекелестігін жойса, онда Түркия үшін жаңа саяси дағдарыс қаупі туындайды.