Қазақстандық оқушылар күзгі каникулда 7 күн демалады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметі мәлімдеді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Қазақстандық мектептерде бірінші тоқсан аяқталуға жақын. Күзгі каникул кезеңі 2024 жылғы 28 қазан және 3 қараша аралығында жеті күнге созылады.
«Мектеп оқушыларының күзгі демалыстағы бос уақытын тиімді өткізу және жеке тұлғалық қасиеттерін дамыту мақсатында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында іс-шаралар жоспары ұсынылады. Жоспар патриотизм, әділеттілік және жауапкершілік сияқты құндылықтарды дамытуға бағытталған іс-шараларды қамтиды: «Балалар кітапханасы» жобасын іске асыру шеңберінде «Демалыста кітап оқимыз» мектепішілік іс-шарасы; «Буллингтен қорған!»қауіпсіздік сабағы; Мектеп оқушылары үшін «Күзгі асар» жәрмеңкесі; «Мектеп театрының» жұмысын ұйымдастыру ұсынылады.
Ең бастысы, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы мақсатта ата-аналармен бірге жол-көлік жарақаттарының алдын алу іс-шараларына, мектептің ішкі тәртібін сақтау, балалардың көшеде қауіпсіздігі, үйдегі өрт қауіпсіздігі және киберқауіпсіздік шараларына ерекше назар аудару қажет», — деп жазылған хабарламада.