Орал қаласында Батыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің алаңында 2025 жылғы 10-20 қазан аралығында өткен республикалық «FinIQ» қаржылық диктантының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп жазадыErtenmedia.kz..
Өткізілген диктанттың басты мақсаты –халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, ақпараттандыру және қаржылық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру.
Іс-шараға облысымыздың 84 мыңнан астам тұрғыны қатысты. Олардың қатарында мектеп оқушылары, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, зейнеткерлер, студенттер, мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ қаржылық мониторинг субъектілері болды.
Салтанатты шара Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшылық құрамы, «Аманат» партиясы және Халық банкінің өкілдерінің қатысуымен өтті. Қаржылық диктанттың 10 жеңімпазы дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Республикалық диктанттың өткізілуі азаматтардың өз қаржылық ресурстарына жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру және қаржылық қауіпсіздік мәдениетін нығайту жолындағы маңызды қадам болды.

