Өткен жылдың мамыр айында Орал қаласында мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған мамандандырылған спорт кешенінің құрылысы басталған еді. Сол нысанның құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл нысан өңірдегі мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен жан-жақты айналысуына мүмкіндік туғызған алғашқы кешен десек болады. Жаңа спорт кешені Батыс Қазақстанда инклюзивті спортты дамытуға тың серпін береді.
Жобаны әлеуметтік маңызы бар бастамаларды қаржыландырумен айналысатын “Freedom Шапағат” корпоративтік қоры қолдағанын айта кетуіміз керек.
Спорт кешен о баста көпфункциялы спорт алаңы ретінде жобаланған-ды. Мұнда командалық спорт түрлеріне арналған зал, күрес залы, үстел теннисі алаңдары бар. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделген фитнес-тренажерлер орнатылғанын айта кетуіміз керек.
Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың маусым айының соңында аяқталады деп жоспарлануда. Жоба қазірдің өзінде жергілікті қоғам мен спорт ұйымдарының қызығушылығын тудырып отыр. Бұл кешеннің ашылуы өңірдегі инклюзивті инфрақұрылымды дамытуға бағытталған маңызды қадам болмақ, сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандарға белсенді әрі толыққанды өмір сүруге жаңа мүмкіндіктер береді.