Орал қаласында Мемлекет басшысының тапсырмасымен қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылған жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бұл әділетті қоғам құру жолындағы нақты қадам. Себебі кезінде заңсыз жолмен шетел асқан қаражаттың бір бөлігі енді балалардың білім алатын, болашаққа жол ашатын білім ордасына айналды, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңа мектеп дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған №8 мектеп-лицейі. Ол 1952 жылы салынған ескі, апатты жағдайдағы ғимараттың орнына бой көтеріп отыр.
Бұрынғы мектептің іргетасы сөгілгенімен, талабы таудай балалардың арманы сөнген жоқ. Енді олар үшін заманауи үлгідегі, технологиялық және педагогикалық тұрғыда толық жабдықталған, 400 орындық жаңа мектеп есігін айқара ашты.
Мектеп құрылысына 2,8 миллиард теңге көлеміндегі қаражат бөлінген. Бұл сома арнайы мемлекеттік қордағы – заңсыз жолмен алынған, бірақ мемлекеттің бақылауына қайтарылған активтерден алынды. Демек, ұрланған қаражат халық игілігіне жұмыс істей бастады. Мұның өзі «Әділетті Қазақстан» қағидаттарының өмірде жүзеге асып жатқанын нақты көрсетіп отыр. Қазір әр теңгенің қайда, не үшін жұмсалғаны маңызды. Ал мына жағдайда – елге қайтарылған қаражаттың баланың біліміне жұмсалғаны – ақыл мен ардың арасындағы ең әділ шешім.
Салтанатты ашылу рәсімі тек лента қиылған сәт емес, бұл – сенім мен үміттің оянған күні десе де болады. Жаңа мектеп болашақ ұрпақтың сапалы білім алып, ұлттық мүдде мен озық ғылым тоғысқан тұғырда өсуіне берілген мүмкіндік.
Енді Орал қаласының білім кеңістігінде тағы бір іргелі оқу орны пайда болды. Ол мұғалімдер мен оқушыларға тең мүмкіндік ұсынып қана қоймай, елде білім саласына деген көзқарастың өзгеріп жатқанын да айқын сездіреді.