Батыс Қазақстан облысында медицина саласындағы жауапсыздық адам өмірін қиды. 45 жастағы әйелдің өмірін сақтап қалуға мүмкіндік болғанымен, дәрігерлердің салғырттығы оның тағдырын үзіп, артында азалы отбасы қалдырды, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
2022 жылдың наурыз айының соңында Орал қаласының тұрғыны өткір инфекциялық дерттің белгілерімен ауруханаға жеткізілген. Дегенмен емдеу процесі нәтиже бермей, науқастың жағдайы күннен-күнге нашарлаған. Бір аптадан соң әйел көз жұмған.
Осы қайғылы жағдайдан кейін анасы мен әпкесі әділдік іздеп, сотқа жүгінді. Олар медициналық мекеме мен облыстық денсаулық сақтау басқармасынан моральдық өтемақы талап етті.
Отбасы мүшелері өз туысының өліміне медициналық көмектің сапасыздығы мен дәрігерлердің кәсіби немқұрайлығы себепші болған деп санайды. Осылайша үш жылдан бері қайғыдан арыла алмай жүрген ананың даусы қоғамның жүрегін ауыртты.
Сотқа дейінгі тергеу барысында Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті жүргізген тексеру нақты фактілерді анықтады.
Тексеру қорытындысы дәрігерлердің диагноз қоюда, ем жүргізуде және науқасты бақылауда көп қателік жібергенін анықтаған. Әсіресе емдеуші дәрігердің стандарттан тыс шешім қабылдағаны, кәсіби міндетін дұрыс орындамай, медициналық құжаттарды қолдан бұрмалағаны белгілі болды.
Сот шешімімен үш дәрігер тәртіптік жаза тартылды. Ал Байтерек аудандық №2 соты аурухананы марқұмның отбасына 3 миллион теңгеден астам өтемақы төлеуге міндеттеліп отыр.
Ең бастысы – мұндай шешім өз ісіне немқұрайлы қарайтын медициналық қызметкерлерге сабақ болуы тиіс.

