Орал қаласында жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында облыстық «Абай» оқуларының байқауы өтті. Бұл байқауға Орал қаласы мен облыстың түрлі аудандарынан 60 оқушы қатысып, өнерлерін ортаға салды. Байқау 5 номинация бойынша ұйымдастырылып, әр қатысушы өз таланты мен шығармашылық қабілеттерін көрсетті, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz БҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Байқаудың негізгі мақсаты – Абай Құнанбайұлы мен Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармалары арқылы жас ұрпақтың әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттыру, ұлттық рухани мұраларды насихаттау және жас өрендерге қазақ әдебиетінің құндылықтарын ұғындыру. Бұл шара жастардың өз мәдениеті мен тарихына деген қызығушылығын оятып, олардың шығармашылық дамуына жаңа серпін береді.
Байқау нәтижесінде жеңімпаздар анықталып, әр номинация бойынша бірінші орынды иеленген қатысушылар республикалық кезеңге жолдама алды. Жеңімпаздар келесі номинациялар бойынша анықталды:
«Абайдың асыл мұрасы» – Сансызбай Жанерке (Бөкей ордасы ауданы)
«Абайдың ақын шәкірттері» – Максим Інжу (Орал қаласы, №37 мектеп)
«Әнді сүйсең менше сүй» – Талғатқызы Айсауле (Казталов ауданы)
«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» – Жұмабай Арнұр (Тасқала ауданы)
«Сөз өнеріндегі Абай бейнесі» – Әмір Ләйлім (Орал қаласы, Ә.Молдағұлова ат. МЛ)
– Әр номинация бойынша үздік деп танылған қатысушылар өз өнерлерін көрсету арқылы Абайдың шығармашылығына деген терең құрметтерін білдірді. Оқушылардың шығармашылық деңгейі мен дайындықтары жоғары болды, бұл байқау мектеп оқушылары арасында әдебиетке деген қызығушылықты оятып, олардың жан-жақты дамуына септігін тигізетін маңызды шара болды, – деп шара ұйымдастырушылары атап өтті.
Бұл байқау – жас таланттардың әлеуетін көрсету үшін жақсы мүмкіндік. Абай мен Шәкәрімнің шығармашылығы арқылы жастардың рухани байлығы мен әдебиетке деген сүйіспеншілігі артып, қазақ әдебиетінің тарихына деген құрметі тереңдей түсті. Алдағы уақытта мұндай шаралар Орал өңірінде тағы да жалғасын тауып, жастардың шығармашылық өрлеуіне жаңа белестер әкелетіні сөзсіз.