Қазақстанның журналистер одағы Orda порталының бас редакторы Гүлнәр Бажкенованың ісіне қатысты мәлімдеме жасады. Олар құқық қорғау органдарын істі қарауда заң талаптарын қатаң сақтап, кінәсіздік презумпциясын естен шығармауға шақырды, деп жазады Ertenmedia.
Қауымдастық өкілдері Қылмыстық кодекстің 274-бабы («көрінеу жалған ақпарат тарату») журналистер мен белсенділерді қудалаудың оңтайлы құралына айналғанын айтып, бапты қылмыстық сипаттан алып тастап, азаматтық-құқықтық реттеу аясына ауыстыруды ұсынды.
«Қандай да бір адам немесе ұйым өзіне қатысты жалған не жала ақпарат таратылды деп санаса, оны тек азаматтық-құқықтық тәртіппен шешуі тиіс. Журналистер одағы тергеу органдарынан Гүлнәр Бажкенованың ісін жан-жақты, әділ әрі бейтарап қарауын талап етеді», – делінген мәлімдемеде.
Ұйым сонымен қатар журналист әріптестерін ақпарат жариялауда жауапкершілікті терең сезінуге шақырды.
ҚазТАГ-тың хабарлауынша, заңгерлер, журналистер мен белсенділер арнайы e-Otinish порталы арқылы Қылмыстық кодекстің 274-бабын қылмыстық сипаттан алып тастауды сұрап, ресми үндеу жолдаған. Арыз Бас прокуратураға, Конституциялық сотқа, Сенат пен Мәжіліске жіберілген. Бұған қоса, онлайн петиция да дайындалуда.
«Әлгі бап әуелде жалған ақпаратпен күресу үшін енгізілгенімен, іс жүзінде тым саясиланып кетті. Әлемжелідегі пікір немесе БАҚ-та жарияланған сыни материал үшін журналистер мен азаматтық белсенділерді жазалаудың құралына айналды. Қолданылатын жазаның (бас бостандығынан айыру) жасалған әрекетке сай емес. Мұның өзі әділеттілік пен жазаның мөлшерлес болуы сияқты негізгі құқықтық қағидаға қайшы келеді», – делінген үндеуде.
Айта кетейік, кеше Orda.kz редакциясына күштік құрылым өкілдері басып кіріп, қаулы көрсетпестен, адвокаттарды қатыстырмай, кеңседе тінту жүргізген және журналистерден жауап алған.
Редакция қызметкерлерінің ноутбугы мен телефонын алып қойып, оларды туыстарымен байланысу мүмкіндігінсіз бес сағаттан артық ұстаған. Қазіргі таңда сайт журналистері байланыссыз отыр олардың телефоны әлі қайтарылмаған.
Бас редактор, екі журналист пен бұғалтыр қалалық пәлиция басқармасына жеткізіліп, олардың әрқайсысынан шамамен 40 минуттай жауап алынған. Кеше түнде сот Бажкенованы екі ай мерзімге үйқамаққа алу туралы шешім шығарды. Бұл туралы журналистің адвокаты Мұрат Адам хабарлады.
Редакция төңірегіндегі жағдайға байланысты сөз бостандығын қорғайтын халықаралық «Әділ сөз» қоры да арнайы мәлімдеме таратып, алаңдаушылық білдіруде.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

