Ақпарат және мәдениет министрлігі Orda.kz және ҚазТАГ агенттіктеріне қатысты сот процесін ерекше бақылауда ұстап отыр. Бұл туралы сала басшысы Аида Балаева мәлімдеді, деп жазады Ertenmedia.
Министр елдегі сөз бостандығын сақтаудың маңызын еске салып, журналистердің кәсіби қызметі заң шеңберінен шықпауы тиіс екенін атап өтті.
«Кәсіби журналистика ең алдымен әділдік, бейтараптық және тексерілген дерекке сүйенуі тиіс.
Бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистер құқықтық шеңберде әрекет етсе, біз олардың мүддесін қорғауға әрқашан дайынбыз.
Бірақ тараптар арасындағы дау сотқа жеткен жағдайда мемлекеттік органның араласуы сотқа қысым ретінде бағалануы мүмкін екенін де ұмытпаған жөн», – деді министр.
Министрдің айтуынша, мұндай даулы процестер медиақоғамдастық арасында алаңдаушылық тудыратыны түсінікті, себебі бұл сөз еркіндігі мен журналистердің заңды кәсіби қызметіне қатысты мәселелер.
«Кез келген жағдайда біз кәсіби журналистерге қатысты әкімшілік немесе қылмыстық істердің ашық, әділ әрі объективті қаралуын талап етеміз. Тиісті органдардың істің мән-жайын жан-жақты зерделеп, заң талаптарын қатаң сақтайтынына сенім білдіремін. Министрлік өз құзыреті аясында журналистердің құқығы толық қорғалып, сот процестерінің әділ өтуі үшін барлық қажетті шараларды қабылдайтын болады», – деді Аида Балаева.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

