Ордабасы ауданының Темірлан ауылында қазақ спорты мен мәдениетінің жаңа нышаны – Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы мәдени-спорт кешені пайдалануға берілді. Ашылу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Қажымұқан бабаның ұрпақтары, спорт ардагерлері мен ауыл тұрғындары қатысты. Бұл – өңірдің мәдени және спорттық өміріндегі айрықша оқиға. Өйткені кешеннің бой көтеруі – тек жаңа ғимараттың ашылуы ғана емес, ұлттық рух пен спортқа деген құрметтің белгісі, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров салтанатты жиында сөйлеген сөзінде Қажымұқан есімінің ел есінде мәңгі сақталатынын, оның өмірі мен күрескерлік рухы бүгінгі ұрпаққа үлгі болуы тиіс екенін атап өтті. «Қажымұқан – қазақ рухының биік символы. Оның күрестегі қайраты мен елге деген адалдығы бүгінгі жастар үшін шынайы өнеге. Осындай тұлғалардың атымен аталатын нысандар – ұлт жадындағы батырлық пен еңбекқорлықтың жаңғыруы. Ең бастысы, бұл кешен ауыл жастарының спортпен айналысуына, өмір сапасын жақсартуға зор мүмкіндік береді», – деді облыс басшысы.
Құрылысы 5 гектар аумақта бой көтерген нысанның жалпы ауданы 3 622 шаршы метрді құрайды. Жобаны «Авторемстрой ЛТД» ЖШС жүзеге асырған, жалпы құны – 1,3 млрд теңге. Ғимарат үш бөлікке бөлінген: мәдениет үйі, спорт орталығы және көрме аймағы. Ішінде музей, кітапхана, асхана, көрме және конференция залы, киім ауыстыратын бөлмелер мен спорт залдары бар.
Кешендегі 148 орындық амфитеатрда ауылдық, облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік бар. Еркін күрес, самбо, дзюдо, қазақша күрес сынды спорт түрлерінен бәсекелер ұйымдастыруға арналған арнайы татами және заманауи жарық жүйелері орнатылған.

Ерекше назар аударатын жайт – нысан халықаралық автожол бойында орналасқан. Бұл туристер легін арттыруға және спорттық туризмді дамытуға мүмкіндік береді. Кешенде 138 орындық конференция залы, 48 орындық асхана, 126 адамға арналған көрме аймағы мен кітапхана тәулік бойы қызмет көрсетеді. Жергілікті тұрғындар ғана емес, өңірге келген қонақтар да мұнда тарихи мұра мен заманауи спорттың үйлесімін тамашалай алады.
Облыс әкімі кешенді аралап, Қажымұқан Мұңайтпасұлының ұрпағымен кездесіп, естелік кітабына қолтаңбасын қалдырды. Ол бұл нысанның тек спорт орталығы емес, рухани жаңғырудың, ұлттық мақтаныштың белгісіне айналатынын атап өтті.
– Мұнда жаңа чемпиондар, жаңа жетістіктер мен жаңа рух пайда болады. Спорт тек денсаулықтың кепілі емес, тәрбие мен намыстың мектебі. Осындай кешендер ауыл өміріне серпін беріп, жастардың болашағына бағыт сілтейді, – деді Көшеров.

Қазіргі таңда Ордабасы ауданында спортпен тұрақты түрде 53 мыңнан астам адам шұғылданады, бұл аудан халқының 42 пайызына жуық. Аудандағы спорт инфрақұрылымының қамтылу деңгейі 47 пайызға жетіп отыр. Осы көрсеткіштің артында соңғы жылдары жүргізіліп жатқан нақты жұмыстар мен мемлекеттік саясаттың нәтижесі бар. «Ауылдан шыққан чемпион» ұғымы енді жай сөз емес, нақты мақсатқа айналып келеді.
Қажымұқан Мұңайтпасұлы – қазақтың ғана емес, бүкіл әлемге танылған дара тұлға. Оның күші мен ерлігі, намысы мен еңбегі ұлт тарихында ерекше орын алады. Темірландағы осы кешен сол рухты жаңғыртудың, ұрпақ санасына сіңірудің нақты көрінісі. Спорт пен мәдениет тоғысқан бұл мекен Ордабасының жаңа тынысына айналары анық.