Orda.kz сайтының негізін қалаушы әрі бас редакторы Гүлнәр Бажкенова қысым көріп жатқанын жария етті. Ол YouTube-тағы ORDA News арнасында арнайы видеоүндеу жасап, сайтты рейдерлік жолмен тартып алмақшы болғандардың артында билікке жақын адамдар тұрғанын мәлімдеді.
Бұл туралы Ertenmedia.kz хабарлайды.
«Менен Orda.kz сайтын «Сана» орталығына өткізу талап етілгенде бірден айтты: «Ештеңе өзгермейді, тек бір ғана шарт бар редакцияны тікелей басқарып отырамыз. Сіздердің әрбір қадамдарыңыз біздің айтқанымызға көну-көнбеулеріңізге байланысты болады. Сіздер мүлде «тыңдамайсыздар», бізді шаршаттыңыздар», – деді Бажкенова видеоүндеуінде.
Редактордың айтуынша, Orda.kz сайты Мақсат Ғаниев есімді адамға өтуі тиіс болған. Бұл адаммен ол ешқашан кездеспеген, жеке танымайды да. Сайтты 2020 жылы ашқанда жақын достарының бірі дәл осы адамды құрылтайшы ретінде ұсынған. Қазіргі келіспеушіліктің басты себебі Бажкенованың өткір материалдары мен «айтқанға көнбеуі».
Бас редактор сайттағы мақалалар салдарынан жарнама берушілер мен серіктестерге қысым жасалып, кейбір серіктестер әкімшіліктен хабарласып, материалдарды алып тастауды ашық талап еткенін айтты.
«Сайтты сақтап қалу үшін кейбір мақалаларды өшіріп, ресурс бұғатталды деп мәлімдеуге тура келді. Мен осы шартқа амалсыз көндім», – деді журналист.
Гүлнәр Бажкенова президент Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдайтынын атап өтіп, дегенмен дәл осы Тоқаев тұсында журналистерге жасалған қысым күшейгеніне қынжылыс білдірді.
Оның айтуынша, билік өкілдері сайтты «Сана» орталығына өткізіп, орталық жетекшісі Дәурен Қайсаровтың қол астына өтуге үгіттеген. Журналистің пікірінше, аталған орталық Ақорда әкімшілігіне бағынышты.
«Ең жаманы мен елден кетуге мәжбүр болармын. Бірақ үнсіз қалып, оңайлықпен берілмеймін. Қазір Нью-Йорктегі серіктестеріміз осы жағдай бойынша сотқа талап-арыз дайындап жатыр», – деп түйіндеді Бажкенова.