Әлемдік мұнай нарығында танкер жалдау құны күрт өскен. Басты себеп санкция құрсауында қалған орыстардан мұнай сатып алушылардың біртіндеп бас тартуы. Олар басқа аймақтардан шикізат іздей бастаған. Соның салдарынан мұнайды алыс қашықтыққа теңізбен тасымалдауға сұраныс көбейіп, фрахт бағасы біршама өсті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ең үлкен тасымалдаушы саналатын VLCC танкерлерінің Таяу Шығыс, Қытай бағыты бойынша тәуліктік ставкасы 137 мың долларға жақындаған. Бұл бір жыл бұрынғы бағадан 5 жарым есеге жуық жоғары. Ірі танкер қожайындары үшін тиімді кезең болғанымен, мұнай сатып алушылар үшін қосымша шығын болып тұр.
АҚШ-тың «Роснефть» пен «Лукойл» салған санкциясы мұнайдың тасымал бағасына бірден әсер еткен. Көптеген трейдер мен мұнай өңдеу зауыты тәуекелге бармау үшін Таяу Шығыс пен басқа да жеткізушілерге бет бұра бастаған. Қарашадан бастап тапсырыстар артып, порттардың жүктемесі көбейген. Осылайша бір мезетте бірнеше бағытта сұраныс өсіп, танкер нарығы қыза түсті.
Әдетте алыстан көп мөлшерде мұнай таситын VLCC танкерлері негізгі маршруттарды ұстайтын-ды. Қазір кейбір бағытта оларға Suеzmax сияқты салыстырмалы түрде кіші кемелер қосылуда. Өйткені сұраныс көбейген сайын қолда бар кез келген тоннаж пайдаланылуда.
Бұған дейін дизель, бензин, жеңіл мұнай өнімдерін тасып жүрген кейбір кемелер де шикі мұнайды тасуға ауыса бастаған. Себебі дәл қазір мұнай тасымалы үшін төленетін ақы жоғары, кеме иелері үшін де соған көшу тиімді.
Ресей мұнайы белгілі бір шектеулерге ұшыраған сайын, сауда жолдары да өзгеріп жатыр. Көптеген ел бұрын қысқа маршрутпен алған мұнайын енді алыс аймақтан тасымалдауға мәжбүр. Осыған байланысты теңіз логистикасы қайта құрылып, кемелердің қай бағытта жүретіні, қай портқа баратындары өзгеруде. Бір сөзбен айтқанда, мұнай ағымы басқа арнаға бұрылған сайын, флоттың да қозғалысы соған қарай ыңғайлануда.

