Ресейлік олигарх Шалва Чигиринскийдің даулы сұхбаты Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен байланысты жаңа әңгімелердің бетін ашты. Ол кезінде «Газпромнефтьтің» үлесін иеленген бизнесмен Юрий Дудьке берген сұхбатында Лазурный Берегіндегі аса қымбат виллаға қатысты тосын деректерді жария етті, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Чигиринскийдің айтуынша, Назарбаевтың айналасы дәл осы қымбат мүлікті сатып алуға талпынып, жарты миллиард доллар ұсынған. Құны аспандаған бұл вилла 3,2 гектар аумақта орналасып, басты үйінде 15, қонақ үйінде тағы алты жатын бөлме болған. Екі бассейні, тікұшақ қонатын алаңы және бұрынғы бомбадан қорғанатын жертөледен жасалған шарап қоймасы бар сән-салтанатты ғимарат бір кездері француз басылымдарының да назарын аударған еді.
Чигиринский бұл вилланы 2001 жылы Заирдің бұрынғы диктаторы Сесе Секоның отбасынан 14,5 миллион долларға сатып алып, тағы 25 миллион долларға жөндеуден өткізген.
Кейін 2009 жылы «Газпромнефтьке» 70 миллион долларға сатқан. Бірақ бизнесменнің айтуынша, оған әлдеқайда жоғары баға ұсынылған, себебі Назарбаевтың адамдары жазғы резиденция ретінде дәл осындай нысанды іздеген. Шынында да, екі бассейн, ондаған бөлме мен тікұшақ алаңы бар вилла Еуропада сирек кездеседі.
Кейін француз ақпарат құралдары бұл үйде ресейлік гимнаст Алина Кабаева тұрғанын жазды. Ал қазіргі таңда аталмыш жылжымайтын мүлік жалға берілгенімен, Франция билігі оны ақша жымқыру ісі аясында бұғаттап қойған.
Бұл оқиға, Қазақстандағы элитаға қатысты қоғамдық пікірдің қалай қалыптасатынын айқындайды. Қарапайым халық зейнетақысы мен әлеуметтік жәрдемақыны есептеп отырған кезде, бұрынғы биліктің айналасы әлемдегі ең қымбат мүліктерге көз тіккені таң қалдырмай қоймайды.