Дәрігер Жасұлан Темірбайдың «Болашақ» бағдарламасына қатысты жазбасы желіде қызу талқыланып, қазақ тілі тағы да күн тәртібіне шықты.
Сұхбат кезінде комиссия мүшесі жас маманға: «Орысша акцентпен сөйлейсіз. Қазақстанды ұятқа қалдырасыз» деп қойып қалған. Ertenmedia.kz осы жайттың ақ-қарасын анықтап көрді. Редакция тілшісі Жасұланмен хабарласып, жағдайдың қалай шешілгенін сұрап білді.
Жасұланның айтуынша, осы жағдайдан кейін «Болашақ» бағдарламасының басшысы Әділ Миратұлымен кездесіп, арыз-шағымын ортаға салған. Бағдарлама басшылығы мәселені мұқият тексеріп, комиссия мүшелерінің әрекетіне баға беріпті.
«Ең бастысы «Болашақ» бағдарламасында тілге немесе мамандыққа байланысты ешкімнің жолы кесілмейтініне көзім жетті. Менің шағымым мұқият қаралыпты. Егер желіде сөзім немесе іс-әрекетім біреуге ауыр тисе, кешірім сұраймын. Әсіресе Әділ Миратұлына алғысым шексіз. Ол істің ақ-қарасын ашық зерттеп, әр сұрағыма толық жауап берді. Комиссиямен жұмыс, іріктеу үрдісі бұдан былай ашық әрі әділ түрде жалғасады деп сенемін. Осылайша, бір-бірімізге өкпе-ренішсіз тарқастық», – дейді дәрігер.
Мемтілді мойындамайтын маман комиссияға қалай кірген?
Айта кетейік, Жасұлан Темірбай спорт медицинасының білікті маманы. Биыл ол «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алмақ болып, іріктеуден өткен. Бірақ соңғы кезеңде сұхбаттасуда сүрініп, ары қарай өте алмады.
Әлемжелідегі парақшасында ол сұхбаттың 90 пайызға жуығы орыс тілінде өткенін айтып, өз ана тілі болмағандықтан кейбір қателік кеткенін жеткізген еді. Жасұланның жазуынша, комиссия мүшесінің бірі оның сөйлеу мәнеріне мін тағып, «орысша акцентіңіз бар, елді ұятқа қалдырасыз» деп пікір білдірген.
Жазба қоғамда қызу талқыға түсіп, «Болашақ» бағдарламасына қатысты сын айтушылар көбейді.
Саясат Нұрбек не деп кетті?
Ал осы мәселеге орай, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пікір білдірді. Оның айтуынша, Жасұланның айтқан әңгімесі шындыққа жанаспайды.
Министрдің сөзінше, соңғы жылдары «Болашақ» бағдарламасының сұхбат кезеңі түгелдей бейнетаспаға жазылып, мұрағатталады екен.
«Жағдайды бірден зерттедік. Видеоны қарап шықтық. Айтылып жүргендей «сіздің акцентіңіз ұятқа қалдырады» деген сөздер болған жоқ. Бізде барлық дәлел бар. Қажет болса, видеоны да көпшілікке көрсетеміз.
Бірақ бірден жария ете алмадық. Себебі сарапшылардан ресми рұқсат алуымыз керек болды. Жаңа жыл мейрамына байланысты, олар демалыста еді. Енді рұқсат алынып, көп ұзамай бейнежазба жарияланады. Өкінішке қарай, біздің қоғамда әсіре сөзге, айғай-шуға құмарлық әлі басым.
Осы сияқты жағдайлардың алдын алу үшін біз барлық іріктеу кезеңін толықтай цифрландырып, ашық жазбаға көшіргенбіз. Ғылым саласында да осындай тәртіп орнатылған. Сондықтан барлық жағдайдың ақ-қарасын анықтау қиын емес», – деді министр үкіметте өткен баспасөз жиынында.

