Әлеуметтік желіде дәрігер Жасұлан Темірбайдың «Болашақ» бағдарламасына қатысты жазбасы қызу талқылануда. Оның айтуынша, сұхбат барысында комиссия мүшелерінің бірі «Сіз (орысша) акцентпен сөйлейсіз, Қазақстанды ұятқа қалдырасыз» деп мәлімдеген.
Келеңсіз жайттың неден басталып, қалай өрбігенін Жасұлан Темірбай ErtenMedia.kz тілшісіне егжей-тегжейлі баяндап берді.
Жасұлан Темірбай – спорт-медицина саласының маманы. Ол бағдарламаның биылғы іріктеуіне қатысып, білімін шетелде жетілдіруді көздеген. Алайда сұхбаттасу кезеңінен өте алмаған. Оның топшылауынша, сәтсіздіктің басты себебі – орыс тілі.
«Сұхбаттасу кезінде қай тілде сұрақ қойса, сол тілде жауап беру қажет. Менің сұхбатым 90% орысша өтті. Әлбетте, бұл менің ана тілім емес. Кішігірім кемшіліктердің, қателіктердің болуы заңды. Дейтұрғанмен, өз басым орыс тілін жеткілікті деңгейде меңгергенмін деп есептеймін. Ең бастысы ғылыми мақалаларды оқып, түсініп, керекті деңгейде тәржімалай аламын. Алайда комиссия мүшесі маған: «Вы разговариваете на русском с акцентом. Вы будете позорить Казахстан» деп айтып салды», — деген Жасұлан Темірбайдың жазбасы ErtenMedia.kz-ның назарына іліккен еді.
Дәрігердің айтуынша, топтағы басқа қатысушыларға қарағанда (барлығы 9 дәрігер) оның ағылшын тілі деңгейі жоғары болған. Алайда, комиссия мүшелері ағылшын тіліне емес, орыс тіліне көбірек мән бергендей әсер қалдырған.
«Іргедегі Ресей емес, алыстағы Америкаға оқуға түсуге бара жатқан маман үшін ең маңыздысы ағылшын тілін беске білу. Бірақ сұхбат барысында, олай болмады. Негізінен, орыс тіліне екпін берген сияқты күдігім бар. Өйткені бағдарламадан өткен 7 дәрігердің бәрі — орыс тілділер. Комиссия мүшесі «акцентпен сөйлейсің» дегеннен кейін барып ойланып қалдым. Осы уақытқа ешкім менің (өзге тілдегі) сөз саптауыма мән бермеген еді», — деді дәрігер.
Күнделікті өмірде де қазақ тілінде сөйлегенді жөн санайтын маман ErtenMedia-ға тіл жанашыры екенін айтып, «қазақ пен қазақ қазақша сөйлесуі керек» деген ұстанымға адал екенін жеткізді.
Іріктеуден өте алмаған Жасұлан Темірбай Қазақстанда спорт медицинасының басқа салалардан кенже қалғанын, ал комиссия мүшелері бұл мамандыққа жеткілікті деңгейде мән бермегенін айтып қынжылды.
«Іріктеуде өте алмауымның басқа да себептерін іздеген кезде мен таңдаған мамандықтың сұранысы төмен болған шығар деген ой түйдім. Спорт дәрігеріне деген немқұрайлы көзқарас бар секілді. Менімен қатар бақ сынаған өзге жеті дәрігер — травматолог, гинеколог, терапевт. Солай бола тұра, президент Тоқаевтың спорт және спорт мамандарының біліктілігін арттыру қажет деген жарлығы бар. Жарлық «Болашақтың» сайтында да тұр. Байқауға қатысуға да осы жарлық түрткі болған еді. Комиссия мүшелері бұдан хабарсыз секілді әсер қалдырды. «Спорт медицинасы дейтін мамандық бар ма дегендей біртүрлі қарады», — дейді маман.
ErtenMedia.kz осы мәселеге қатысты «Болашақтың» ресми жауабын күтеді.
ErtenMedia анықтамасы:
«Болашақ» бағдарламасы 1993 жылы дарынды жастарды шетелде оқыту мақсатында құрылған. Бағдарлама арқылы мыңдаған қазақстандық білім алды. Алайда соңғы жылдары бағдарламаға қатысты сын-пікірлер көбейді. Қоғамда бұл бастаманың эмиграция құралына айналғаны туралы пікірлер бар.
2024 жылы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Болашақ» бағдарламасының 200-ден астам түлегі шетелде қалып қойғанын және мемлекетке 1,9 миллиард теңге қайтарылғанын мәлімдеді. Ал 30 жыл ішінде 270 түлек елге оралмағаны белгілі болды.