Украина Қарулы күштерінің барлау бөлімінің «Призраки» арнайы жасағы Қырым түбегінде Ресей армиясының екі бірдей Ан-26 әскери-транспорт ұшағын өртеп жіберді, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл ақпаратты Украина Қорғаныс министрлігіне қарасты Бас барлау басқармасы растады. Украин сарбаздары Ан-26 ұшақтарымен қатар, жағалаулық радиолокациялық станцияны және теңіз кеңістігін бақылауға арналған МР-10М1 «Мыс М1» кешенін де істен шығарған. Ұшақтардың күлге айналған сәті видео арқылы да жария етілді.
Украина армиясы бұл шабуылды 24 қыркүйек күні жасаған. Ертеңіне, 25 қыркүйек таңғы төрт шамасында Запорожье бағытында тағы бір маңызды оқиға тіркелді – украин әуе қорғанысы Ресейдің Су-34 бомбалаушы ұшағын атып түсірді. Мәскеу сол сәтте Запорожьеге бағытталған басқарылатын авиабомбаларды қолданбақ болған. Бірақ олардың ойы жүзеге аспады.
Ан-26 ұшағы Кеңес заманынан бері пайдаланылып келе жатқан, қиын жерге де қона алатын, әуе арқылы техника мен десант тасымалдауға арналған әмбебап платформа. Ұшақ экипажы 3-5 адам, 40 десант, 5,5 тоннаға дейін жүк көтереді, сағатына 540 шақырым/сағат жылдамдықпен ұшады, ал ұшу қашықтығы – 1100 шақырым. Оның ұшу-пайдалану сенімділігі оны көптеген елдердің әскери және азаматтық құрылымдары үшін таптырмас техникаға айналдырған. Бірақ оның жасы да 60-қа таяп қалды. Осыдан-ақ Ресей армиясының қаншалықты артта қалғаны аңғаруға болады.
Қырымдағы бұл шабуылдар туралы Мәскеу әлі ресми үн қатпады. Әдеттегідей үнсіз. Өйткені жау ұшақтарын күзетіп отырған әскерилердің өзі оттың қалай тұтанғанын байқамай қалған.