Ұлттық банк бекіткен 16,5 пайыздық ставкі инфляцияны тежей ме, әлде керісінше экономиканы тығырыққа тірей ме? Экономист Айман Тұрсынхан осы мәселені жан-жақты талдап берді деп жазады Ertenmedia.kz.
Оның пікірінше ел экономикасын шикізат экспортына тәуелділіктен құтқарып, ішкі өндірісті дамытамыз деген Үкіметтің сөзі мен ісінде бірізділік жоқ.
Мұнай бағасы барреліне 60 доллардан төмен құлдырап, әлемдік нарықта сауда соғысы қызған шақта бізге импорт алмастыратын жаңа өндіріс ошақтарын ашу, шикізатқа байланбаған экспорттық табысты арттыру ауадай қажет.
Алайда дәл осы сәтте билік ҚҚС (қосымша құн салығы) мөлшерлемесін арттырып, оған қатысты межені төмендетіп, отандық кәсіпкерлердің тынысын тарылтуда.
«Импортқа тәуелділіктен қалай құтыламыз деген сұрақ жауапсыз қалып отыр. Ұлттық қордың түбі көрініп, шикізат экспортынан түсетін валюта азайған тұста бұл мәселенің маңызы одан әрі күшейе түседі.
Баға мен валюта тұрақсыздығы жағдайында қарапайым халықтың күнкөрісі қиындап барады. Үкіметтің экономиканы тұншықтыратын пайыздық мөлшерлемелерді ұстап тұруы инфляцияны одан әрі үдетуі мүмкін», — дейді маман.
Айтуынша, алдағы уақытта шағын және орта бизнестің жаппай жабылуы ықтимал.
Несие мөлшерлемесінің шектен тыс жоғары болуы (нарықтық несиелеу 24-56 пайыз аралығында, ал базалық мөлшерлеме – 16,5 пайыз) жаңа өндірістердің ашылуына жол бермейді.
«Бұған салықтық жүктемені қосыңыз: ҚҚС – 16 пайыз, жеңілдетілген салық режимі мен бөлшек салық 4-6 пайызға көтерілді, ал шағын дүкендер мен шаштараз сияқты шағын бизнестің өзі 15 пайыз жеке табыс салығын төлейді. Осы жағдайда отандық өндіріс қалай тыныс алмақ?», — дейді экономист.
Сарапшы осы арада тағы бір қарама-қайшылықты атап өткен екен.
2021 жылы аграрлық секторға тікелей субсидия көлемі жалпы ауылшаруашылық өнімінің 5,18 пайызын құрап, фермерлерге «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 5-6 пайызбен несие берілген.
Ал 2024 жылға қарай бұл субсидиялар 1,8 пайызға дейін қысқарған, несие көлемі 140 млрд теңгеге жеткенімен, енді минималды пайыздық мөлшерлеме субсидияланғанның өзінде 12,6 пайызға дейін көтеріліп кеткен.
Осыдан келіп туындайтын басты сұрақ: осындай жағдайда инфляция қалай төмендемек? Халық тұтынушылық несиені амалсыздан алып отыр. Себебі, жыл сайынғы коммуналдық қызмет тарифтері 30-40 пайызға өсіп жатыр. Қымбатшылықпен күресте халыққа несие алма, азырақ тұтын деп айту қаншалықты орынды?
«Еуро бағамы 590 теңгеге дейін қымбаттап кетті. Доллар да тұрақсыз: бірде 515, бірде 530 теңгеге секіріп тұр.
Қазақстандағы импорттың 60%-дан астамы еуромен есеп айырысатын Батыс елдерінен келеді. Мысалы, біз жеп жүрген Польша алмасы Қазақстанға еуромен алынады. Еуроның бағасы осы себепті өсіп жатыр.
Екінші мәселе, Ресей мен Беларусь санкцияға ұшырап, өз тауарын АҚШ-қа сата алмай отыр. Америка бұлардан келетін тауарға 34-125% баж салығын енгізген. АҚШ бізден экспортталатын тауарға да 27% баж салығын қойды. Ол не үшін жасалды? Бұл Ресей мен Беларусьтің өнімдері Қазақстан арқылы АҚШ-қа «айналып» келмесін деген сақтық шарасы болатын.
Нәтижесінде Ресей мен Беларусь өзінде қалып қойған тауарларын енді Қазақстан нарығына төгеді. Отандық өндірістің жаназасын шығара берсе болады», — дейді Айман Тұрсынхан.