Қазақстанда тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне (ТҚЖЖ) екінші деңгейлі банктердің қатысуы туралы бастама көтерілгені белгілі. Өзгеріс нарықтағы бәсекені күшейтіп, жүйеге жаңа серпін береді деп болжануда.
Алайда Отбасы банк басшысы Ләззат Ибрагимова бұл ұсыныстың тәуекелі көп екенін айтып, күмән келтіріп отыр, деп хабарлайды Ertenmedia.
Ибрагимованың айтуынша, коммерциялық банктер тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне араласса, қаржылық жүйенің тұрақтылығына қауіп төнуі мүмкін.
Оның үстіне, салымшылардың қаражаты қаншалықты қорғалары да белгісіз.
«Мысалы, сіз ТҚЖЖ аясында салымды шартты түрде Beta bank-те жинадыңыз делік. Бірақ келісім мерзімі біткен соң, бұл банк сізге Отбасы банк ұсынған шарттармен ипотека бере ала ма? Мәселе осында.
Отбасы банк салымшылардың тұрғын үйге жинап отырған қаржысын шағын және орта бизнесті несиелендіруге жұмсай алмайды.
Ал әлгі Beta bank-тің қаражатты басқа мақсатқа пайдаланбасына кім кепіл?» – дейді ол Atameken Business телеарнасының эфирінде.
Банк басшысы нарыққа жаңа ойыншылардың кіргенін қолдайды, бірақ оларды әмбебап емес, тек қана тұрғын үй жинағына маманданған банк ретінде көргісі келетінін жасырмады.
Оның ойынша, құрылыс саласындағы ірі компаниялар осындай жеке тұрғын үй құрылыс жинақ банктерін құру туралы ойлануы керек.
«Егер нарықта тек тұрғын үй салымдарына маманданған банк пайда болса, бұл әділ әрі ашық жүйе. Сол кезде салымшылардың сенімі де артады, қаржысы заң жүзінде қорғалады. Ал қазіргідей бір ғана маманданған банк тұрғанда, әмбебап банктерге тұрғын үй жинақ жүйесіне араласуға рұқсат беру қисынсыз логика», – дейді Ибрагимова.
Ол тіпті кейбір коммерциялық банктердің акционері мен қаржылық жағдайын жақсы білетінін және ондай мекемелерге ешқашан қаржысын сеніп тапсырмас едім дейді. Бірақ халықтың көпшілігі банкті агрессивті жарнамаға сеніп таңдайтынын атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін Отбасы банкі «бір баспанасы бар салымшыларға мемлекеттік сыйақы беруді тоқтатуды» ұсынған болатын. Сондай-ақ ипотекалық займ алып, қарызын төлеп отырған клиенттердің кепіл депозитіне де мемлекеттік сыйақы берілмеуі керек деген бастама көтерген еді.
Мемсыйақы тек «Отбасы банкіне» байланбайды: Жинақ жүйесіне жаңа ойыншылар қосылады