Т.Д және Т.Ә Ұлытау облысының Экология департаментінің басшысы мен оның орынбасары қызметін атқара отырып, алдын ала сөз байласып, 2024 жылғы қазан мен желтоқсан аралығында 5 250 000 теңге пара алған. Сонымен қатар, Т.Д жеке өзі 2024 жылғы желтоқсан мен 2025 жылғы қаңтар аралығында 2 500 000 теңге пара алған. Бұл сомалар пара берушілердің мүддесіне заңсыз әрекеттер жасау үшін алынған.
«Р» ЖШС-нің директоры Т.А қоршаған орта сапасының мақсатты көрсеткіштерінің жобаларын келісу үшін департамент басшысы мен оның орынбасарына айтарлықтай мөлшерде 1 750 000 теңге пара берген. «Э» ЖШС-нің директоры А.С Сәтбаев қаласы бойынша шекті жол берілетін шығарындылардың жиынтық томының жобасын келісу үшін департамент басшысы мен оның орынбасарына 3 500 000 теңге пара берген. М (қылмыстық қудалау тоқтатылған) экологиялық рұқсат алу үшін Т.Д-ға 2 500 000 теңге пара берген.
Іс бойынша жеделдетілген тергеп-тексеру жүргізілген. Сотталушылар соталды тергеп-тексеру және сот тергеуі барысында кінәсін толық мойындаған.
Жезқазған қалалық сотының үкімі:
- Т.Д және Т.Ә — ҚК-нің 366-бабының 3-бөлігінің 2,4) тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
- Т.А және А.С — ҚК-нің 367-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, параның жиырма есе көлемінде айыппұл төлеу жазасы кесілді: Т.А — 35 000 000 теңге мөлшерінде айыппұл; А.С — 70 000 000 теңге мөлшерінде айыппұл.
Сотталғандарға мемлекеттік қызметте, судьяда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Қазақстан Республикасының Ұлттық банкінде және оның ведомстволарында, Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқаруға өмір бойы тыйым салу түрінде қосымша жаза тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.