Астанада Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының бесінші отырысы өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Басқосу барысында жаңа Парламенттің негізгі мемлекеттік институттардың қызметін қамтамасыз етудегі өкілеттіктері мен оларды қалыптастыруға қатысу тетіктері кеңінен қаралды.
Жиында Парламентаризм институты директоры Наталья Пан азаматтардан, сарапшылар мен қоғамдық белсенділерден түскен ұсыныстарға қатысты аралық ақпарат ұсынды. Оның айтуынша, былтыр қазан айынан бері e-Otinish және eGov платформаларындағы «Парламенттік реформа» арнайы бөлімі арқылы шамамен 600 ұсыныс жиналған.
Ұсыныстар саяси партиялардан, кәсіби қауымдастықтардан, қоғамдық ұйымдардан және сарапшылар ортасынан келіп түскен. Аталған бастамалар қатарында «Байтақ» партиясы, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысы, Республикалық адвокаттар алқасы, бірқатар адвокаттық қауымдастықтар, салалық қорлар мен этномәдени бірлестіктер бар. Сонымен бірге құқықтанушы ғалымдар да өз сараптамалық ұсынымдарын жолдап, талқылауға белсенді қатысып отыр.
Отырыс барысында парламенттік реформамен қатар конституциялық өзгерістерге қатысты да бастамалар келіп түсіп жатқаны айтылды. Жұмыс тобы жетекшісінің орынбасары, Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев Парламенттің Үкіметті, Конституциялық Сотты, Жоғары аудиторлық палатаны, Орталық сайлау комиссиясын және өзге де мемлекеттік органдарды жасақтауға қатысуын айқындайтын конституциялық рәсімдердің жалпы тәсілдеріне тоқталды. Бұл тәсілдер жұмыс тобы мүшелері мен саяси партиялар ұсынған идеялар негізінде қалыптастырылғаны атап өтілді.

Жиын барысында жұмыс тобының мүшелері өз ұсыныстары мен пайымдарын ортаға салып, парламенттік өкілеттіктерді нақтылау, тепе-теңдік пен тежемелік тетіктерді жетілдіру бағытында бірқатар ой айтты. Қатысушылар заң шығару билігінің институционалдық рөлін күшейту мәселесіне айрықша мән берді.
Кеңесті қорытындылаған Ерлан Қарин конституциялық реформа бойынша түпкілікті тәсілдерді әзірлеу үшін келіп түскен барлық ұсынысты жинақтап, жан-жақты талдауды тапсырды. Оның айтуынша, бұл жұмыс кезең-кезеңімен, ашық әрі сараптамалық негізде жүргізілуі қажет.
Анықтама ретінде, Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы 2025 жылғы 8 қазанда Мемлекет басшысының өкімімен құрылған. Алғашқы отырыс 14 қазанда өткен. Кейінгі кездесулер 2 желтоқсан, 29 желтоқсан және 2026 жылғы 9 қаңтарда ұйымдастырылған.
Таяуда Мемлекеттік кеңесші Ұлттық құрылтай мүшелеріне президенттік реформалардың маңыздылығы мен нәтижелері туралы айтқан болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

