Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі шетелде жүрген азаматтарға паспорт беру мерзімін айтарлықтай қысқартуды ұсынды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңа ереже «Ашық НҚА» порталында жарияланған. Министрлік 2020 жылғы 12 мамырда бекітілген «Қазақстан Республикасының шетелдегі азаматтарына паспорт дайындауға арналған құжаттарды қабылдау және жіберу тәртібі туралы» бұйрыққа өзгерістер енгізбек.
Қазір шетелде жүрген Қазақстан азаматтарына паспорт 90 жұмыс күні ішінде беріледі. Ұсынылған құжат бойынша мерзім 40 жұмыс күніне дейін қысқартылмақ.
Ведомствоның түсіндіруінше, мерзімді азайту арқылы мемлекеттік қызмет көрсету сапасы мен тиімділігі арттырылады. Сондай-ақ ұсынылып отырған өзгерістер нормативтік базаны қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкестендіру мақсатында жасалып отыр.
Бұған қоса, құжатқа редакциялық түзетулер енгізіліп, ескірген нормалар мен сілтемелер алынып тасталады. Атап айтқанда, «Мемлекеттік және әлеуметтік маңызы бар қызметтер туралы» заң мен Цифрлық кодекстегі соңғы өзгерістер ескерілген.
Министрліктің мәліметінше, жобаны қабылдау әлеуметтік-экономикалық және құқықтық теріс салдарға әкелмейді әрі ұлттық қауіпсіздікке әсер етпейді.
Қазір ұсынылған өзгерістер «Ашық НҚА» порталында көпшілік талқысына түсті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







