Ақтауда көлік прокуроры Асылан Исанов пара алып жатқан жерінен ұсталып, екі жарым жылға сотталды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Orda-ның мәліметінше, прокурор Исанов кәсіпкер Азамат Ордабаевпен бірге басқа қылмыстық іске қатысы бар Сәттіқұлова есімді азаматшадан 2,5 миллион теңге талап еткен. Ол әлгі әйелге «істі сотта шешіп, жазаңды жеңілдетіп беремін» деп уәде берген. Сәттіқұлованы прокурормен Ордабаев таныстырып, оны «сотта мықты байланысы бар беделді адам» деп сипаттаған.
Прокурор Исанов мәселені шешуге 2,5 миллион теңге қажет екенін ашық айтқан.
Сәттіқұлова шартқа келісіп, ақшаны жинауға уақыт сұрағанымен, бірден Антикорға тартып, прокурор мен оның серіктесін әшкерелеген.
Арнайы операция барысында белгіленген күні Сәттіқұлова бір пәкет ақшаны Volkswagen Passat көлігінің артқы орындығына қойып кеткен. Көп ұзамай оқиға орнына жеткен антикор қызметкерлері прокурор мен Ордабаевты тап сол жерде ақшаны алып жатқан жерінде қолға түсірген.
Сотта айыпталушылар кінәсін толық мойындап, істі қарау жылдамдатылған тәртіппен өтті. Бір қызығы прокурорға жемқорлық емес, алаяқтық бабы бойынша айып тағылды. Сот үкімімен Асылан Исанов 2 жыл 7 айға бас бостандығынан айырылып, өмір бойына мем.қызметте, сот және қаржы органдарында жұмыс істеу құқығынан айырылды.
Ал кәсіпкер Ордабаев абақтыдан аман қалды. Ол жәбірленушімен өзара келісімге келіп, сот оны қылмыстық жауапкершіліктен босатқан екен.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Қазақ қоғамындағы құндылықтар компасы: Қарин ұсынған ішкі саясаттың жаңа қағидасы

