Облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте жол желісінің қысқы маусымға дайындығы мен өңірлік цифрландыру жоспарының жүзеге асырылу барысы талқыланды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жолдардың қысқы маусымға дайындығы
Жергілікті маңызы бар 3 852 шақырым автожолды күтіп ұстауға 2,3 млрд теңге қарастырылған. Қысқы маусымға 36 мердігер ұйым тартылып, 334 бірлік арнайы техника әзірленді, 10 мың тоннаға жуық көктайғаққа қарсы материал және 658 тонна жанар-жағармай дайындалды, бұл қажеттіліктің 100 пайызын құрайды.
Жазғы маусымда атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қар басу қаупі бар учаскелер саны 115-тен 94-ке дейін қысқарды. 186 жылыну пункті дайындалып, жолдарға 11,7 мың қума метр қар ұстағыш қалқандар орнатылды.
Облыс әкімі Асаин Байханов қар басатын жол учаскелеріне ерекше назар аударып, қауіпсіз және үздіксіз қозғалысты қамтамасыз етуді тапсырды. Ақсу қаласы, Аққулы және Шарбақты аудандарының әкімдіктеріне жолдарды күтіп ұстау бойынша үш жылдық шарттарға көшу міндеттелді.
Өңірдегі цифрландыру жобалары мен білім беру саласы
Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында облыста өңірлік Цифрландыру жоспары бекітілді. Жоспарланған 52 іс-шараның 37-сі орындалды.
Білім беру ұйымдарына жасанды интеллект элементтері мен STEM-жобалар енгізілуде. «Qazaq Digital Mektebi» пилоттық жобасы 215 шағын жинақты мектепке кеңейтілуде. «Tomorrow School» өңірлік кампусы негізінде қарқынды курстарды 156 қатысушы тәмамдады, тағы 82 адам үшінші курстан өтуде.
«Әлеуметтік әмиян» жобасы шеңберінде тегін мектеп тамағын цифрлық бақылау 342 мектепте қолданылады. Кәсіпкерлер үшін «eGov Business» платформасы дамытылуда.
Өңір басшысы шалғайдағы ауылдарды тұрақты байланыспен және интернетке қолжетімділікпен қамтамасыз ету негізгі шарттардың бірі екенін атап өтті. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 207 ауылға дейін талшықты-оптикалық желілер салу көзделген. Автожолдарда мобильді байланыстың тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында 12 антенна-діңгек құрылысының жобасы әзірленді.
Smart City және экономика салаларына ЖИ енгізу
Жүйелі дамудың келесі кезеңі 2030 жылға дейінгі «Smart Region» стратегиясы болмақ. Ол Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларын және аудан орталықтарын қамтиды.
Агроөнеркәсіптік кешенде егіс алаңдарының 100 пайызы цифрландырылды. Өнеркәсіп кәсіпорындарында 50-ден астам цифрландыру жобасы жүзеге асырылды.
Екібастұзда «Zulu SCADA» жылу желілерінің цифрлық егізі енгізілді. 109 бірыңғай байланыс орталығында өтініштерді өңдеуді автоматтандыру іске асуда. Қоғамдық қауіпсіздік саласында 156 әлеуметтік нысандағы 5 567 камераны біріктіретін «Smart City Pavlodar» жүйесі дамуда. Өртке қарсы мониторинг қазір 211 нысанды қамтиды, жыл соңына дейін олардың санын 300-ге жеткізу жоспарланған.
22 медициналық ұйымда радиологиялық зерттеулерді талдау үшін ЖИ қолданылатын PACS жүйесі енгізілуде. Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің 9 орталығында «Protector AI» және «VisionGuardAI» жүйелері жұмыс істейді.
Халыққа цифрлық қызмет көрсетуге бағытталған тағы бір қадам — «AI ХҚКО» іске қосуға дайындық. Қаржыландыру бөлінді, жабдықтар сатып алынуда. Технологиялық бастамаларды «Pavlodar Hub» қолдайды: 2025–2026 жылдары мұнда 106 іс-шара өткізіліп, 42 стартап-жоба тіркелді.
Инвестициялық жобалар мен негізгі тапсырмалар
Цифрлық инфрақұрылымның ірі жобасы Екібастұздағы «KT AI HUB» деректерді өңдеу орталықтары алқабы болмақ. Негізгі құрылыс жұмыстарын 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған, қуаттылығы 50 МВт болатын бірінші кезеңді іске қосу 2027 жылғы 30 маусымға дейін көзделген.
«Firebird AI KZ» компаниясы да 3,5 млрд доллар инвестиция құю, оның ішінде қуаттылығы 109 МВт дата-орталық салу туралы жоспарын мәлімдеді.
Талқылауды қорытындылай келе, Асаин Байханов цифрландыруды оның адамдардың күнделікті өміріне тигізетін әсеріне қарай бағалау қажеттігін атап өтті.
«Цифрлық технологиялардың дамуы тек енгізілген жүйелердің санымен ғана емес, сонымен бірге олардың тұрғындарға, бизнеске және мемлекеттік органдарға тигізетін практикалық пайдасымен бағалануы керек», – деді өңір басшысы Асаин Байханов.
20 қазанға дейін көлік, коммуналдық инфрақұрылым, қауіпсіздік, денсаулық сақтау және білім беру салаларын қамтитын 2030 жылға дейінгі «Smart Region» стратегиясына ұсыныстар енгізу тапсырылды. 30 қазанға дейін Сәулет порталындағы ақпараттық жүйелер туралы мәліметтерді өзектендіру қажет.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






